Депутат Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа Батыс Қазақстан облысындағы жол құрылысын аяқтауға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл депутаттық сауалымның артында мыңдаған адамның таусылған төзімі, үзілуге аз қалған үміті жатыр. Олар Батыс Қазақстан облысының ең шалғай ауылдарында тұрады. Бөкей Орда ауданы мен Жәнібек ауданындағы жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөнделген жол көрген жоқ. Қазір де жұрт облыс орталығы Оралға дейін көлікпен 7-8 сағат жүруге мәжбүр. Жаңбыр жауса батпаққа батқан бұқара 14-15 сағат жол жүреді, көбісі күрежолдың бойында қонып қалады, - деді депутат.
Оның айтуынша, 2019 жылы «Қазталов –Жәнібек – Ресей Федерациясы» шекарасына дейінгі 142 шақырым жол және 103 шақырымдық «Бисен – Өнеге – Сайхын» жолы, барлығы 245 шақырым жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2021 жылы жол құрылысы аяқталады. Бірақ арада 4 жыл өтті, Республикалық маңызы бар 245 шақырым күре жолдың тек 124,6 шақырымы ғана жасалды.
Жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын «Қазталов –Жәнібек – Ресей Федерациясы» шекарасына дейінгі және «Бисен – Өнеге – Сайхын» жолдарының жалпы құны 80,13 млрд теңге. Бүгінге дейін оның 49 проценті игерілген. Қалған 120,4 шақырымды төсеп бітуге биыл 30,2 млрд теңге бөлінген. Ақша бар, бірақ БҚО қиыршық тас пен битум жоқ. Оны көрші облыстар мен көрші елден тасымалдау керек. Жол құрылысын аяқтау үшін биыл 1931 тонна қиыршық тас керек, оны әкелуге 28 мың вагон қажет. Бірақ биылғы жылға тек 7 жарым мың вагон қарастырылған. Бұл өз кезегінде жолға қажетті материалдың жетіспеушілігіне, жол құрылысы мерзімінің ұзаруына және жоба құнының өсуіне әкеледі. Бұл ретте үстіміздегі жылдың наурыз айында тек 1000 вагон берілген, оның 382-сі жекеменшік, 618-і «ҚазТемірТранс» АҚ-на тиесілі. Жекеменшік вагонды жалға алудың құны әлдеқайда қымбат екенін де ескеру керек. Келесі мәселе битум жетіспеушілігі. 2022 жылы битум болмауынан, облыстағы нысандардың жартысына жуығы тамыз айынан бастап жұмыссыз қалған, - деді ол.
Осыдан кейін депутат мәселені шешуге бағытталған ұсыныстар айтты, яғни
- жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес битум бағасын бекіту мүмкіндігін қарастыру, яғни мерзімдік баға өсуіне тиым салу;
- битумның таралуын мердігерлік ұйымдар үшін ашық ету және оларға қол жетімді битумның көлемі мен оның қозғалыс жолы айқын болуы үшін делдал-трейдерлерсіз зауыттармен тікелей келісімшарттар жасауға мүмкіндік беру;
- Облыстың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Ресей Федерациясынан битум тасымалдайтын, БҚО-ң аумағында орналасқан бір трейдерді анықтау;
- Ай сайын БҚО-ғы жол құрылысына қажетті қиыршық тас жеткізу үшін 1500 темір жол вагонын беру.