Нәпақа іздеп, Кореяға аттанғандар

11 Қазан 2022, 09:39
6535
Бөлісу:
Нәпақа іздеп, Кореяға аттанғандар

Күнделікті күнкөрістің қамы – қазақ жастарын елден безіп, шетелде жұмыс жасауға мәжбүр еткендей. Соңғы жылдары Кореяға саяхаттаймын деп кіріп, жұмыс істеп, сонда қалып қойып жатқан жастардың қарасы қалың. BAQ.KZ тілшісі Кореяда жүрген отандастарымызбен тілдесіп, ондағы тіршіліктерімен танысып көрді.

Айына миллион табыс табамын

Алғашқы кейіпкеріміздің есімі – Алмас. Ол Шымкент қаласының тумасы. Айтуынша, арманындағы пәтерге қол жеткізу үшін, Кореяға жұмыс істеуге барған.

Нәпақа іздеп, Кореяға аттанғандар

Шетелде жұмыс істеймін деп еш ойламаппын. Өзім Шымкент қаласында той саласында бірнеше жыл қызмет еттім. Елде өз мамандығым бойынша жұмыс жоқтың қасы, айлық өте аз. Мені Кореядағы айлық табысының көптігі қызықтырды. Сол себепті биыл Кореяға жақсы табыс табу үшін жұмысқа барамын деп шешім қабылдадым. Кореядағы жұмысым таңғы 7:00 ден-кешкі 17:00 ге дейін. Ондағы бір күндік айлық табыс- 120 мың вон (теңгеге шаққанда 39 мың теңге). Қазіргі менің бір айлық табысым – шамамен бір миллион теңге,- дейді.

Өз отбасынан жырақта жүріп, миллион теңге табыс тауып отырған Алмастан Кореяға барудағы дайындық барысын сұрап көрген едік...

Кореяға жұмысқа келу үшін алдымен арнайы «К-ЕТА» деген сайтта өзің туралы қысқаша ақпарат жазып, ұсыныс тастау керек. Содан соң, құжаттарды жинауды бастайсың. Кореяға тек турист ретінде кіре алатындықтан, кедендік бақылаудан өту үшін ағылшын тілінде жақсы сөйлеп, корей елінің көрнекті, тарихи жерлерін білу маңызды. Себебі, шекарадан өту үшін  сізге қойылатын негізгі сұрақтар осы болмақ. Көптеген азаматтарымыз да осы кедендік бақылаудан өте алмай, елге қайтып жатады, - дейді Алмас.

Кореяда жүріп, өз бақытымды таптым

Гауһар – Қызылорда қаласының тумасы. Айтуынша Кореяға оны әпкесі шақырған. Корей еліндегі мүмкіндіктерді көргеннен кейін, елге қайтуға ойланып қалдым дейді ол.

Нәпақа іздеп, Кореяға аттанғандар

Менің Кореяға келіп жұмыс істеп жатқаныма 5 жылдың көлемі болды. Мұнда келудегі негізгі мақсатым  - қаражат жинап, үй алу еді. Бес жылдың ішінде сол мақсаттарыма толық жетіп, тіпті Кореяда өз бақытымды тауып, отбасын құрдым. Жолдасым -  Алматы қаласының тумасы. Қазақы салтпен ұзатылып, осында беташар өткізіп, той жасадық. Қазір екеуміз де осында жұмыс істеп жатырмыз. Кореяда өзіңді дамыту үшін көптеген мүмкіндік бар. Сондықтан әзірге елге оралу ойымызда жоқ, - дейді Гауһар.

Отандасымыздан Кореядағы басқа да қазақтардың тұрмыс-тіршілігі туралы сұрап көрдік...

Әлемде карантин шектеулері толық алынып тастаған соң, Кореяға келетін жастардың қатары да көбейді. Оның ішінде біздің елдің де 2003-2004 жылғы жас жеткіншектері көптеп келіп жатыр. Корея күннің көзінен қуаттанатын батареялар жасаудан әлемге танымал ел. Негізінен басқа елден келетін ер балалар да сол батареяларды құрастыру саласында жұмыс істейді. Ал, қыздар зауыттарда, клинигтік компанияларда, асханаларда көмекші болып істейді. Кореядағы  қазақтар бір-бірімен өте жақсы араласады. Біздің ортамыздың өзінде 150 ден астам адам бар. Олар мереке сайын жиналып, сауапты іс жасауға үнемі бірігіп отырады. Сондай-ақ, мұнда  Кореядағы Қазақстандықтар қауымдастығы жұмыс істейді. Кез келген сұрағы бар отандасымыз сол қауымдастыққа жүгіне алады, - дейді.

Әрине, әлемнің кез келген жерінде жұмыс істеп, табыс табу әр адамның өз еркі. Дегенмен, елімізде жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамтып, айлық табысы бір отбасын асырауға жететін болса, өзге елге жүгірмес пе еді...

Өзгелердің жаңалығы