Өскеменде Ғазиз Байтасов атындағы XX мерейтойлық республикалық жас жол инспекторларының слёті мәресіне жетті. Айта кетерлігі, слёт алғаш рет халықаралық форматта өтті – қазақстандық командалардың қатарына олардың Қырғызстаннан келген замандастары қосылды. Алматылық отрядтың 14 жастағы командирі Айару Телжан BAQ.KZ тілшісімен Өскеменге барған сапары мен жас жол инспекторларының слётіне қатысудан алған әсерімен бөлісті.
Алматы қаласы Алатау ауданындағы №156 мектептің жеті оқушысы слётке екі ай бойы күн сайын жаттығудан өткен соң келген. Бәрі мектеп кезеңіндегі жеңістен басталды. Оқушылар ең алдымен аудандық және қалалық деңгейдегі сайыстарда бірінші орынды жеңіп алған. Содан кейін барып команда Алматының намысын республикалық аренада қорғауға қатысу құқығын иеленген.
.jpeg)
Слётке қатысуды оңай деп айта алмас едім. Біз жасөспірімдер болсақ та, бұл нағыз жұмыс секілді болды. Біз күн сайын дайындалдық: жол қозғалысы ережелерін оқыдық, дәрігерлермен бірге жұмыс істедік, реттеушілермен бірге жаттықтық, велосипедте шебер жүріп үйрендік. Тіпті, арнайы мамандардан білім алу үшін әртүрлі жерлерге бардық, - деп ағынан жарылды Айару.
.jpeg)
Өскеменде алматылықтар: "Білімпаздар турнирі", "Жас реттеушілер", "Велосипедті мәнерлеп тебу", "Автоқалашық", "Жас санитар", "ЖҚЕ білімпазы" мен "Үгіттеу бригадасы" конкурстарында бақ сынасты. Команда жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, нәтижесінде тек қостанайлықтарға ғана жол беріп, жалпы республикалық есепте жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
Енді көңіліміз сәл түскенін жасырмаймыз, өйткені біз дайындықты өз күшімізбен өткіздік, ал кейбір командаларда қосымша тәлімгерлері болды. Дегенмен, біз нәтижемізбен мақтанамыз. Күміс – бұл да жеңіс, – дейді Айару.
Командалық жетістіктен бөлек, алматылықтар жекелеген аталымдар бойынша да көзге түсті. Серғали Дінислам жол жүру ережелері бойынша сынақта бірінші орынды жеңіп алды. Айару Ораз "Автоқалашық" байқауында үшінші орынды иеленді. Ал Айзере Қаппар мәнерлеп жүргізуде екінші орынды қанағат тұтты. Команда жетекшісі Аида Камалқызы педагогикалық шеберлік байқауында күміс жүлдеге ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер гироскутер, ноутбук, планшет, смарт-сағат және басқа да бағалы сыйлықтар алды. Әр қатысушыға естелік рюкзактар мен моноподтар табысталды.

Біз пойызбен үйімізге, қолдан келгеннің бәрін жасадық деген сезіммен қайтып бара жатырмыз. Ең бастысы – біз нағыз команда бола білдік және бірге жұмыс істей алатынымызды көрсеттік, – дейді Айару.
(1).jpeg)
Мерейтойлық слёт жас жол инспекторларының қозғалысы – бұл жай ғана байқау емес, нағыз көшбасшылық, жауапкершілік пен заңға құрметтің мектебі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Еске салсақ, Өскеменде өткен мерейтойлық жас жол инспекторларының слётінде Қазақстан мен ТМД елдерінің үздік командалары анықталған еді.