Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында 50-бапқа тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
50-бапта Құрылтайдың біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланатыны бекітілді. Яғни құрылтайға депутаттар партиялық тізім бойынша сайланады. Бұл саяси өмірге халықтың кең әлеуметтік топтарын тартуға мүмкіндік береді. Партиялар арасындағы кәсіби бәсекелестікті күшейтеді, - деді ол.
Мақсат Толықбай бұл өз кезегінде партиялардың нығаюына жол ашатынын жеткізді.
Қанша дегенмен әр партияның артында аналитикалық зерттеу орталықтары, ресурстары, өңірдегі ғимараттары, аппараттық-әкімшілік әлеуеті тұрады. Бұл депутатқа кәсіби жұмыс істеу, заң жобаларын терең талдау жасау, әлеуметтік топтар мен өңірлердің мүддесін есепке алу мүмкіндігін береді. Нағыз тартыс бізде кәсіби партиялардың арасында болу керек, - деді депутат.
Қорыта айтқанда, Мақсат Толықбай ұсынылып отырған өзгерістердің түпкі мақсаты күшті тұлғаларға емес, мықты институттарға сүйенетін мемлекет қалыптастыру екенін айтты.