Нағи Бақытбеков: Жанкүйерлерге футбол тойын жоғары деңгейде көрсетуге дайындалып жатырмыз

18 Қараша 2022, 16:43
4124
Бөлісу:
Нағи Бақытбеков: Жанкүйерлерге футбол тойын жоғары деңгейде көрсетуге дайындалып жатырмыз

Бұл туралы «Qazsport» телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы жексенбі қос бірдей маңызды шара өз бастауын алмақ. Бірі – ел Президенттігіне өтетін кезектен тыс сайлау болса, енді бірі – әлем көз тігетін Катардағы футболдан әлем чемпионаты. Осы тұрғыда спорт әлемінен хабар беріп, спорт пен жанкүйер арасындағы көпірге айналған «Qazsport» телеарнасының директоры Нағи Бақытбековтің пікірін білген едік.

– Нағи аға, мұсылман әлемінде алғаш рет өтейін деп тұрған чемпионат жайында сіздің ойыңыз қандай?

– 2022 жылы футболдан әлем чемпионаты 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өткізілмекші. Бұл чемпионаттың басқа додалардан ерекшелігі – оның тұңғыш рет Катарда өткізілуі болса, екіншіден тұңғыш рет – қыста болуы. Осыған дейін әлем чемпионаттары  мамыр, маусым,шілде, тамыз айларында болған. Сондықтан чемпионаттың қыста өтуінің өзінің ерекшелігі бар.

– 2018 жылы Ресейде өткен чемпионатта «Франция ұлттық құрамасы» әлем чемпионы атанған еді. Биылғы байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан қай құрама көрінеді деп ойлайсыз?

-Биылғы әлем чемпионатында  32 мемлекеттің құрамасы 8 топқа бөлініп бақ сынасады. Оған қоса бұл чемпионат 32 құрама қатысатын соңғы турнир болып отыр. Келесі чемпионаттарда құрама саны 48-ге дейін көтеріледі деген жоспар бар. Иә, Ресейде өткен әлем чемпионатында «Франция құрамасы» жеңіске жеткен. Бірақ биыл бұл құраманың фавориттері жарақатына байланысты додаға қатыса алмайды. Сондықтан «Бразилия», «Аргентина», «Португалия» құрамалары чемпиондыққа таласады деп ойлаймын.

– Бүгінде Қазақстанда футболды дамытудың әлеуеті қандай? Спорт жанашыры ретінде баса назар аударылу керек мәселелер туралы айтсаңыз.

– Қазақ футболының соңғы жетістігі деп – ұлттық құрамамыздың Ұлттар лигасындағы C тобынан B тобына жолдама алуын айта аламын. Алклубтарымыз соңғы 3-4 жылда айтарлықтай нәтижеге жетіп жатқан жоқ. Қазақстандағы футболды дамыту барысында-инфраструктураны әлі де дамыту керекпіз. Барлық қалалар бойынша жаңа заманауи стадиондар салынып, футбол академияларын ашып, балалар футбол лигасына көп көңіл бөліп, бапкерлердің сауаттылығын әлі де көтеру керекпіз. Тек содан кейін ғана кәсіби футбол туралы қарастыру керек деп ойлаймын.

 – Әлем чемпионатын «Qazaqstan», «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде қалың көрерменге ұсынады деп күтілуде...

– «Qazaqstan» телерадиокорпарациясы 2022 жылғы әлем чемпионатын Қазақстан аумағында көрсету құқығын сатып алған.  «Qazaqstan», «Qazsport» телеарналары барлық  64 матчты тікелей эфирде көрсетіледі. Одан бөлек, түрлі студиядық бағдарламалар ұйымдастырылады. Еліміздегі ең үздік 14 комментатор іріктеліп алынды. Бұйырса, жанкүйерлерге футбол тойын жоғары деңгейде көрсетуге дайындалып жатырмыз.

Өзгелердің жаңалығы