Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері Мархабат Байғұт еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтқан 10 бағытына қатысты пікірін білдірді.
Жазушы Мархабат Байғұт жаңа Президентіміздің сайлау алдында халықпен кеңескенін, 2019 жылдың 13 мамырында #BIRGE жалпыхалықтық акциясын бастап, Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі ұсыныстар жинап, халыққа біртабан жақындай түскісі келгені көңілінен шыққанын айтты. Сол акция барысында халықтан 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түскен.
«Мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне қатыспадым. Бірақ ол уақытша Президент болғаннан кейін бірінші сапарын бірден Түркістан қаласынан бастады. 22-23 наурыз күндері Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етуге келген кезінде ол кісіге бата бердім. Сонда айтқан сабақтастық, әділдік, өрлеу деп айтқан үш ұстанымын қолдаймын. Жаңа Президентіміздің айтқан сөздері де, он бағыты да нақтылығымен көзге түседі. Әсіресе 8 бағытта рухани жаңғырудың қосылғанына қуаныштымын. Мемлекет басшымыз айтқандай, «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала бермек. Өйткені, тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Сондай-ақ, осы бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажеттігін баса айтып өтті», - деді жазушы Мархабат Байғұт.
Жазушы Президенттің алуан түрлі пікірлер мен бір мүддеге қызмет ететіндігін, түрлі саяси партиялар мен оппозициялардың, халық арасынан шыққан топтарды да тыңдап, бір мақсатқа жетуге ұмтылып жатқанын, ел болашағы үшін жасалған игі қадам деп есептейді. Сондай-ақ ол қазақ тарихындағы Қасым ханның қасқа жолы, Нұрсұлтанның нұрлы жолы сияқты, елімізге Қасым-Жомарттың жомарт жолын берсін дейді.
«9 маусымда сайлау әділ өтті. Енді таңда Президент алға қойған мақсаттары бойынша нақты жұмыс істеуі керек. Кадр тағайындау жағы да көңілімізден шығып отыр. Ел басқару жауапкершілігі жоғары, көптеген міндеттерді шешетінін қиын жұмыс. Оның алға қойған өз бағыттарын шешеді деп сенеміз. Бұл жолда Түркістан облысының ақсақалдары, зиялы қауым атынан қолдаймыз. Бір Президент қана емес, бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз қажет», - дейді Түркістан облысының құрметті азаматы М.Байғұт.
Жазушының ойынша Президент айтқан он бағыттың ішіндегі халықтың табысын арттырудың екінші жағы да бар дейді. Өйткені, кейбір адамдардың жәрдемге сүйену психологиясы дендеп келе жатқанын, бұл құбылыстың дұрыс еместігін айтып өтті.
«Мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен жандарға жан жақты көмек көрсетіп келеді. Азаматтарды масыл психологиядан арылтуға жергілікті идеология мен жергілікі әкімдер, шенеуніктер де жұмыла жұмыс істеу керек. Көпбалалы аналарға үйлер беріліп, жәрдем көрсетіліп жатыр. Бірақ қалған бөліктері «маған бере бер» дегені жақсы нәрсе емес. Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Кемелұлының сыбайлас жемқорлыққа қатысты айтқаны да ұнады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс, оны түп тамырымен жоямыз деді. Бұл салада да Президенттің нақты, батыл, пәрменді қадам жасайды деп сенемін. Көпіртіп, әдемі сөйлей бермей, нақты іске көшуі керек деп ойлаймын. Қалған басқа барлық бағыттары да ұнайды. Бұл кісі негізі өмірде салмақты, көпсөзді емес, нақты істің адамы сияқты. Соған қарағанда жақсы өзгерістер болады деп күтемін», - деді жазушы Мархабат Байғұт.