Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін AntikorLive жобасында өткен тікелей эфир кезінде Нью-Йорктегі танымал қазақ полицейі, «Нью-Йорктің үздік полицейі» марапатының иегері Димаш Ниязов Нью-Йорк полицейлері қалай жұмыс істейтінін айтты.
Қазақстанның тумасы Димаш Ниязов 13 жасында Нью-Йоркке көшіп келген. Қазір Нью-Йорктің көшелерін патрульдейді.
Нью-Йоркте полицейлер өте танымал. Дегенмен жұмыс өте қиын. Бәрі білетіндей, мұнда халық өте көп. Ресми тіркелгендер саны 15 млн-ға жуық. Ал Нью-Йорктегі барлық департаментте жұмыс істейтін офицер, полицей саны 35 мың. Оның 60-65%-ы қаланы патрульдейді және тергеумен айналысады. Мысалы, мен күнде жұмыстамын. Қазір еңбек демалысындамын. Аптасына 5 күн 8,5 сағаттан жұмыс істейміз. Әрине, тоқтаусыз жұмыс істейтін кездер де болады. Өткен жылы көргендеріңіздей, Нью-Йоркте тәртіпсіздік, митинг болды. 2020 жыл полицейлер үшін қолайсыз, қиын жыл болды. 2-3 ай бойы күнделікті 12 сағаттан үздіксіз жұмыс істедік. Жұмысымыз кинодағыдан еш кем емес, - дейді Ниязов.
Оның айтуынша, Нью-Йорк полицейлерін халық сыйлайды.
Әрине бұл қай районда жұмыс істейтініңе де байланысты. Қиын, тәртіпсіз райондар да бар. Өзім патрульдейтін районда қарақшылар мен гангстерлер, қылмыскерлер көп. Олардың полицейлерге шабуылдап, оқ ататын топтары бар. Мысалы өткен жылы осындай үш жағдай орын алды. Қуанышымызға орай, бәрі жақсы аяқталды. Ешкім зардап шеккен жоқ. Осындай оқиғалар да болып тұрады. Өткен аптаның өзінде көшеде кетіп бара жатқан полицейді артынан атып кетті. Сондықтан, әрине, жұмыс өте қиын, - деп атап өтті ол өз жұмысы туралы.
Димаш Ниязов өз жұмысын жақсы көретінін, әріптестерін сыйлайтынын айтты.
Әрдайым қолымнан келгенді жасауға тырысамын. Полицейлер бөгде дүниемен айналысатын «батырлар» емес. Біз де қарапайым адамдармыз. Ең бастысы – бір-бірімізге сыйластықпен қарауымыз керек, - дейді қазақ полицейі.
Айта кетейік, 2017 жылы ол «үздік полицей» атанған. Сонымен қатар кәсіби спортшы. Қазақ полицейі WBC-ден, яғни әлемдік бокс кеңесінен «Hero of the World award», яғни «Әлем батыры» атағын алған.