«Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен 27 отбасы елордадан Екібастұзға көшті

5 Шілде 2019, 20:28
1638
Бөлісу:
«Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен 27 отбасы елордадан Екібастұзға көшті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадан 27 отбасы Екібастұз қаласына қоныс аударды. Бес автобуспен, бірнеше жүк көлігіне дүние-мүлігін тиеген қоныс аударушылар қатарында балалармен қосқанда 142 адам болды. Бәрі көпбалалы отбасылар, деп хабарлады Елорда Инфо.


«Біз бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен жасалған келісімге сәйкес елорданың 142 тұрғының Екібастұзға алып барамыз. Ол жерде оларға пәтер беріледі, сонымен қатар жұмысқа орналасуға жәрдемдесеміз. Балалары балабақшаға, мектепке баратын болады», - деді Павлодар облысы Екібастұз қаласының жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Шабекова.

Бүгін көшіп жатқан тұрғынның бірі Гүлжазира Қыдырбаева Екібастұз қаласында баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етілетініне қуанып жүр.

«Біз елордамызға 2012 жылы Түркістан облысынан көшіп келген болатынбыз. Ол кезде төрт баламыз болған. Ал бесінші баламыз осы Нұр-Сұлтан қаласында туды. Ал, енді, міне, алатыншы сәбиімді көтеріп жүрмін. Ол енді Екібастұз қаласының тумасы болады. Елордаға келгелі пәтер жалдап өмір сүрдік. Күйеуімде тұрақты жұмыс болмады. Бірде құрылысшы, бірде жұмысшы болып жүрді. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің осы ұсынысын қабылдап, қоныс аударып барамыз. Ең бастысы жұмысымыз болса дейміз», - деді көпбалалы ана.
Өзгелердің жаңалығы