Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс қаласының 659 нысанын қалпына келтіруді елорда қамтамасыз ететін болады.Астаналық бригадалармен жүргізіліп жатқан зардап шеккен қала инфрақұрылымының жөндеу-құрылыс жұмыстарының барысы туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов айтты.
Мәселен, Нұр-Сұлтан үшін жалпы көлемі 98 га Арыс 9 секторы бекітілген.
Елордалық әкімдік 659 нысанды, оның ішінде 600 жеке және 59 көппәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
Жұмысқа 32 құрылыс компаниясы, 600-ден астам адам мен 23 арнайы техника жұмылдырылды.
«Нысандардың жалпы санынан 36 жеке тұрғын үй мен 7 көппәтерлі тұрғын үй толық қираған . Олар үшін жаңа құрылыс қажет. Барлық нысандар бойынша ақау актілері мен сметалық есептеулер жасалды. Барлық жұмыстарды жүргізуге арналған шығын сомасы 4,7 млрд.теңгені құрайды. Шығындардың 50 % - ын Үкімет резерві есебінен жабу көзделіп отыр», - деді Н. Нұркенов.
Жалпы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын тамыз айының басында аяқтау көзделіп отыр. Қираған нысандарды бұзу осы аптада аяқталады, одан кейін жаңа үйлерді салу басталады.