Нұр-Сұлтандағы жол апатынан зардап шеккендер арасында Филиппин азаматшасы да бар

26 Наурыз 2019, 16:21
2321
Бөлісу:
Нұр-Сұлтандағы жол апатынан зардап шеккендер арасында Филиппин азаматшасы да бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бақыт Сұлтанов жол апатынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Қала әкімі жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Әкімдіктің атынан және жеке өзімнің атымнан жол апатынан қаза болғандардың туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтамын. Жол көлік апаты салдарынан бүгін 2 адам қаза тауып, 35 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды", – деді Бақыт Сұлтанов әкімдік отырысында.

Осыған байланысты қала әкімі жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуге, сондай-ақ апаттың себебін анықтауға тапсырма берді.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың айтуынша, оқиға орнында 19 "жедел жәрдем" бригадасы жұмыс істеген.

"Барлығы 35 адам зардап шекті, 2 адам қаза тапты, 23 адам ауруханаға жатқызылды. Жеңіл жарақат алған 17 адам үйлеріне жіберілді, олар амбулаторлық ем алады. Қазір үш науқасқа ота жасалып жатыр, тағы төрт адамды операцияға дайындауда. Зардап шеккендердің арасында 1983 жылы туған Филиппин азаматшасы бар. Оның жағдайы орташа ауыр. Алдын ала диагнозы – "кеуде қуысының жарақаты, жамбастың сынуы". Зардап шеккендермен психологтар жұмыс істеуде", - деді Қамалжан Надыров.

Апатқа ұшыраған көліктер арасында жедел жәрдем көлігі де бар. Оның ішінде екі фельдшер мен жүргізуші болған. Жүргізуші зардап шеккен жоқ. Бір фельдшер тізе жарақатымен бірінші қалалық ауруханаға жеткізілді.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылында үш автобус пен жеңіл автокөліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. 

Өзгелердің жаңалығы