Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады. Елорда әкімдігінде қалалық санақты дайындау және өткізу мәселелері талқыланды.
Бірінші кезең - дайындық кезеңі. 2020 жылдың 1-30 маусымы аралығында арнайы оқытылған адамдар тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Тұрғын үйлердің, ғимараттардың және тұрғын емес үй-жайлардың мекен-жайларын нақтылау бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері елорда аумағын нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу үшін негіз болады.
Дайындық жұмыстарынан кейін 2020 жылдың 1-30 қазаны аралығында халық санағының негізгі кезеңі өтеді. Санақ ақпаратты жинаудың екі әдісін пайдалана отырып жүргізіледі: халық санағының алғашқы 15 күнінде Ұлттық экономика комитетінің интернет-ресурсында интернет-сауалнама жүргізіледі. Интернет-сауалнамада респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтырады. Интернет-сауалнамамен қатар интервьюерлер де сауалнама жүргізеді, - деді ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің статистика департаментінің басшысы Жорабек Дәуренов.
Барлық респонденттерге интервьюерлер санақтан өткендігі туралы анықтамалар береді, ал онлайн-режимде санақтан өткендерге – СМС-хабарламалар жіберіледі.
Қала әкімі Алтай Көлгінов әрбір аудан әкімі санақты жүргізуге белсенді қатысуы тиіс екендігін айтты, "әрбір басқарма өз саласы бойынша жұмыс істеуі тиіс" деп атап өтті.
Соңғы 10 жылда қала халқы екі есе өсті. Санақтың мақсаты соңғы 10 жылда болған демографиялық, экономикалық және әлеуметтік процестер туралы ақпарат жинау. Халық санағын жүргізудің екі әдісі бар. Интернет сауалнама және арнайы оқытылған адамдардың сауалнамасы. Тұрғындар өздеріне ыңғайлысын таңдай алады, – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.