Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 7000 балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін 200 миллион теңгеге дейін қаражат бөледі.
Бұл туралы жалпыға бірдей оқу аясында өткізілген мұқтаж отбасыларды қолдау шараларына арналған брифингте Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қала әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жағдайы төмен отбасылардан шыққан әр оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін арнайы сертификаттар табыстайды. Кәсіпкерлер палатасы қазақстандық өнімдерді қолдау мақсатында 7 отандық компанияны ұсынды.
«Биыл біз жаңа тетік таңдаудамыз. Бұған дейін көрсетілетін қызметтерге ата-ана шағымдары көп түсетін. Жаңа жүйе балаға қажет керек-жарақтарды ата-ананың өзі таңдайтындығымен тиімді», - деді Әнуар Жанғозин.
Сонымен қатар, былтырғымен салыстырғанда көмек алушылар саны да артты. Мәселен, өткен оқу жылында Жалпыға бірдей міндетті оқу қорының көмегі арқылы 1674 балаға көмек көрсетілсе (оқу жылының соңында бұл көрсеткіш 3803-ке дейін өсті), биыл балалардың саны 6600-ге жетті және олардың саны күн сайын арта түсуде. Оқушыларға мектеп формасы мен оқу құралдарынан бөлек тегін ыстық тамақ, жазғы сауықтыру лагеріне жолдама, мәдени және спорттық шараларға қатысу мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ, Нұр Сұлтан қаласында қалалық мәслихат шешімі негізінде қосымша көмек ретінде жол жүру картасы толықтырылып отырады.