Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін маусымның 23-і күні елордадағы «Бәйтерек» монументі жанындағы алаңда «Нұр-Сұлтан Дуатлон-2019» дәстүрлі ашық қалалық турнирі өз бастауын алды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыс жолына барлығы 500-ге жуық адам қатысты. Жарыс үш қашықтық бойынша өтті: 5 шақырым және 2,5 шақырым, олардың арасында 20 шақырымға созылған веложарыс ұйымдастырылды.
Жүгіру бағыты Қонаев көшесі, Қабанбай батыр даңғылы, Ақмешіт, Достық көшелері мен Мәңгілік ел даңғылы бойымен өтті. Ал, веложарыс Қонаев көшесінен бастау алып, Тұран даңғылы бойымен «Астана жұлдызы» монументіне (Қабанбай батыр даңғылындағы айналма жол) дейін жалғасып, қатысушылар сол жерден кері бұрылып Тұран даңғылы бойымен Достық көшесіне дейін, одан әрі Мәңгілік ел даңғылы арқылы Қонаев көшесімен мәреге дейін жетті. 16-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас және 50 жастан жоғары.
Жарыс басталған соң 57 минуттен кейін алғашқы қатысушы мәреге бірінші болып жетті. Осылайша қарсыластарынан қара үзген дуатлон қатысушысы Марк Старостин үздік атанды.
«Мен шаңғы жарысынан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Мұндай форматтағы жарысқа алғаш рет қатысып отырмын. Алда өтетін IRONMAN жарысына дайындық ретінде қатысып көрейін дедім. Ауа-райы да жақсы болды, күн ыстық емес. Барлығы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған», - деді жеңімпаз.
Биылғы дуатлон Старостиндер әулеті үшін жеңіске толы болды, әйелдер арасындағы додада Марктың әпкесі – Дарья Старостина абсолютті чемпион атанды. Бойжеткеннің айтуынша, олар бала кезден спортпен шұғылдануға бейім екен.
«Әкем мен анам – шаңғы тебуден спорт шеберлері, сондықтан спорт біздің қанымызда бар. Мен үлкен спорттан кеткеніме 15 жыл болды, бірақ, өзім үшін спортпен шұғылданып жүремін үнемі. Бүгін қаламыздың спорттық өміріне араласып көргім келді. Қашықтықты жүгіріп өту кезінде уақытқа қарамадым, өз жағдайыма қарай жүгіріп өттім», - деді Дарья.
Әкесі Александр Брянскиймен бірге 5 жасар Ваня да жарыс жолын үздік болып аяқтады. Жас спортшы жарыс жолын түгел жүгіріп өтпесе де, мәреге жақындаған әкесіне көмек көрсету үшін жүгіріп шыққан.
«Біз спортқа жақын отбасымыз. Ваня бізбен бірге мұндай жарыстарға екі жасынан бастап қатысып келеді. Балалар жарыстарына белсенді түрде қатысады, IRONKIDS шарасына қатысуға дайындалуда. Спортқа деген ынтаны бала күннен қалыптастыру керек. Ваня барлық дистанцияны жүгіріп өтпесе де, мәреге жақындағанда менімен бірге жүгіріп өткен бірнеше метрінің өзі ол үшін үлкен мәртебе, ол жарыстың рухын сезінді», - деді жас спортшының әкесі.
Ваняның өзі болса өскен кезде міндетті түрде спортпен айналысатынын айтты.
Жарыс қорытындысы бойынша 16-29 жас аралығындағы ерлер жарысында үздік үштікке кіргендер: 1 орын– Әлімжан Балтабек, 2 орын – Дмитрий Адамович, 3 орын – Дмитрий Инкин; әйелдер арасында: 1 орын – Екатерина Брынза, 2 орын – Динара Капарова, 3 орын – Екатерина Брынза.
Ал, 30-39 жас аралығындағы орындарға мына адамдар ие болды:
Ерлер арасында 1 орынды Арман Ғалымов иеленсе, 2 орынды – Евгений Леонтьев, 3 орын – Сергей Прохоров місе тұтты; әйелдер арасында 1 орын Гүлмира Аменоваға, 2 орын Елена Пономареваға, 3 орын Эльмира Молдашеваға бұйырды.
40-49 жас аралығындағы жарыста ерлер арасында 1 орынды Марат Фаррахов, 2 орынды Қайрат Қоянбаев, 3 орынды Вадим Шулинов иемденді. Әйелдер арасында мәре сызығын бірінші болып Гүлмира Түйенбаева кессе, екінші орынды Мәдина Берқалиева алды.
Ал, 50+ жасындағы дуатлоншылар арасында алтын медальді Ринат Саликжанов, күмісті Мендібай Әлімғазин, қоланы Марат Әлімжанов иеленді. Әйелдер арасында бірінші орынды Татьяна Михалева, екінші орынды Ирина Мустафина еншіледі.
Сонымен бірге, жарыс аяқталған соң дуатлон қатысушылары арасында дәстүр бойынша 5 велосипед ойнатылды.