Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 28 қыркүйектен бастап «Нұр-Сұлтан 1» теміржол вокзалы алаңындағы тұрақта жаңартылған платформа іске қосылады.
Тұрақ үшін төлемді енді паркоматтан бөлек, басқа да тәсілдермен жасауға болады. Олар мобильді қосымша, сайт, касса, Qiwi және Kaspi.kz. Арнайы nsparking.kz мобильді қосымшасы дайындалып, іске қосылды және www.nsparking.kz ресми сайты жасалды.
www.nsparking.kz сайтындағы жеке кабинет және nsparking.kz мобильді қосымша арқылы пайдаланушы көлік құралының мемлекеттік нөмірі бойынша немесе тұрақ картасының нөмірі бойынша өзі үшін де және басқа пайдаланушы үшін де төлем жасай алады, жеке шотын толықтырады, тұрақ қызметі, қолданыстағы тарифтер туралы ақпарат алады және төлемдер мен тұрақ сессияларының тарихын қадағалайды.
Сондай-ақ, тұрақ бағдарламасы Qiwi және Kaspi.kz төлем жүйелерімен біріктірілген. Теміржол вокзалы ғимаратында QIWI терминалдары арқылы төлеуге болады, онда басты экранға nsparking.kz орналастырылған. Төлем жасау үшін пайдаланушыға көлік құралының мемлекеттік нөмірін немесе тұрақ картасының нөмірін енгізу қажет. Дербес шотты nsparking.kz қосымша арқылы толықтыруға болады.
Теміржол вокзалының ғимаратында ақы төлеу паркоматы қойылды. Төлемді қолма-қол ақшамен де, ақшасыз тәсілмен де жүргізуге болады. Сондай-ақ, банктік картамен байланыссыз және байланыс тәсілдерімен төлеуге болады. Ұялы телефон мен банк картасы арқылы төлемді NFC арқылы жасауға мүмкіндік бар. Тұрақ кеңістігін пайдалану бағасы өзгерген жоқ.
Мобильдік қосымшаларда, сайтта және Qiwi терминалдарында төлем жасау мүмкіндігі жоқ пайдаланушылар үшін оператордың тәулік бойы төлем қабылдау орны қарастырылған.
Сұрақтар туындаған жағдайда 24/7 режимінде оператормен байланысуға болады. Ол үшін кіру және шығу бағандарында IP-байланыс құрылғылары орнатылған.
Тұрақ платформасын жаңалау барысында Нұр-Сұлтан қаласының ауа райы ескерілді. Тұрақ жабдықтары -50С°-ге дейінгі температурада жұмыс істей алады.
Тұрақ платформасының маңызды жаңалықтарының бірі – көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану. Тұрақ пайдаланушылары кіру карталарын бір-бірімен алмастыра алмайды немесе тұрақ уақытын төлемей кете алмайды.