Мысыр Алжирден шикі мұнай импорттайды

Алжирдің Энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрлігі өз кезегінде бұл келісім шикі мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу және маркетинг бойынша келіссөздер аясында жасалғанын мәлімдеді.

 Samco Бүгiн 2026, 08:50
Бүгiн 2026, 08:50
178
Фото: Samco

Мысыр елдің ішкі нарығындағы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін Алжирмен шикі мұнай сатып алу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы Мысырдың Мұнай және минералдық ресурстар министрлігі мәлімдеді.

Хабарламаға сәйкес, құжат Мысыр мен Алжирдің ұлттық мұнай-газ компаниясы Sonatrach арасында жасалған. Қол қою рәсіміне Мысырдың мұнай және минералдық ресурстар министрі Карим Бадави және Алжирдің энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрі Мухаммед Аркаб қатысты.

Келісім аясында Мысыр ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету мақсатында Алжирден шикі мұнай импорттайды, – делінген хабарламада.

Алжирдің Энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрлігі өз кезегінде бұл келісім шикі мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу және маркетинг бойынша келіссөздер аясында жасалғанын мәлімдеді.

АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс салдарынан туындаған энергетикалық дағдарыс аясында Мысыр билігі отын импортын әртараптандыруды бастап, бірқатар елдерден сатып алу көлемін арттырып жатыр.

Еске салсақ, Goldman Sachs деректеріне сәйкес, әлемдік мұнай қоры күрт азайып, соңғы сегіз жылдағы ең төменгі деңгейге жақындаған. Сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдердің шектелуі қорлардың азаю қарқынына алаңдаушылық туғызуда.

Наверх