- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Мыңдаған жүрекке үміт сыйлаған: Қазақстан кардиологияда әлемдік деңгейге шықты
Мыңдаған жүрекке үміт сыйлаған: Қазақстан кардиологияда әлемдік деңгейге шықты
Қазақстан медицинасы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді.
14 Шілде 2026, 18:52
Бүгінде еліміз кардиохирургия саласында әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатарына енді, ал жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім соңғы бес жылда 35 пайызға төмендеді. Бұл – мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың, дәрігерлердің қажырлы еңбегінің және заманауи медициналық технологиялардың нақты нәтижесі.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев еліміздегі кардиологиялық қызметтің бүгінгі ахуалы, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы міндеттер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау – мемлекеттік саясаттың басымдығы
Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының халық денсаулығын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындауы денсаулық сақтау жүйесіне тың серпін берген.
Бұл – еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін тарихи шешімдердің бірі болды. Денсаулық мәселесі бүгінде тек медицинаның ғана емес, мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығына айналды, – деді ол.
Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, жаңа медициналық нысандар салу, жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, цифрландыру және дәрігерлердің мәртебесін көтеру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Халықтың денсаулығы – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан медицинаға салынған әрбір инвестиция – еліміздің болашағына салынған инвестиция, – деді Рүстем Төлеутаев.
Өлім-жітім азайып, аурулардың тіркелуі төмендеді
Институт басшысы соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша маңызды нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты.
Оның мәліметінше, 2021–2025 жылдары жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 35,1%-ға төмендеген.
Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында қан айналымы жүйесі ауруларының тіркелуі 6,6 пайызға, артериялық гипертония 9,7 %-ға, жүректің ишемиялық ауруы 10,1%, инсульт 6,1%-ға азайған.
Біз өте маңызды оң өзгерістерді көріп отырмыз. Бүгінгі медицина ауруды емдеумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – аурудың алдын алып, адамның өмірін сақтап қалу, – деді Рүстем Төлеутаев.
Кардиологиялық қызметті жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр
Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі қан айналымы жүйесі аурулары кезінде медициналық көмекті жетілдіруге арналған Жол картасын іске асырып жатыр.
Өңірлерде жаңа кардиологиялық бөлімшелер ашылып жатыр, облыстық ауруханалар жаңғыртылуда, құзыреттілік орталықтары құрылуда. Бүгінде елімізде 1308 кардиолог дәрігер жұмыс істейді. Сонымен қатар 659 жас дәрігер кардиология мамандығы бойынша резидентурада білім алып жатыр. Бұл болашақта кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді, – деді Рүстем Төлеутаев.
Қазақстан әлемдік деңгейдегі күрделі операцияларды жасап отыр
Институт басшысы Қазақстанның әлемдегі үздік 30 кардиохирургиялық елдің қатарына енуі отандық медицинаның үлкен жетістігі екенін айтты.
Оның сөзінше, бүгінде елімізде әлемнің дамыған клиникаларында жасалатын күрделі операциялардың басым бөлігі орындалады.
2025 жылы Қазақстанда 100-ші жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Сондай-ақ кардиологияда 80-нен астам жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетіледі. Оның ішінде жүрек трансплантациясы, жүрек қақпақшаларын ауыстыру, күрделі аритмияларды емдеу, аз инвазиялық операциялар, TAVI технологиясы және басқа да заманауи емдеу әдістері бар. Біз бүгінде әлемдік деңгейдегі күрделі операцияларды Қазақстанда жасап отырмыз, – деді Рүстем Төлеутаев.
Институт халықаралық талаптарға сай жұмыс істейді
Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты еліміздегі жетекші ғылыми әрі клиникалық орталықтардың бірі.
Жыл сайын біздің клиникада Қазақстанның барлық өңірінен 8 мыңнан астам пациент ем алады, – деді ол.
Бір жылдың ішінде мұнда 3,5 мыңнан астам жоғары технологиялық операция мен интервенциялық ем жүргізіледі.
Сонымен қатар институт халықаралық JCI аккредиттеуінен өткен және Еуропалық гипертония қоғамының ресми Гипертонияны емдеу орталығы мәртебесіне ие. Бұл біздің жұмысымыздың халықаралық сапа талаптарына толық сәйкес келетінін дәлелдейді, – деді институт басшысы.
Өңірлерге тәжірибе мен технология жеткізіліп жатыр
Институт басшысы сапалы кардиологиялық көмектің барлық өңірде қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті.
Біз үшін сапалы медицинаның тек республикалық орталықтарда ғана емес, барлық өңірде қолжетімді болуы өте маңызды, – деді Рүстем Төлеутаев.
Оның айтуынша, осы мақсатта институт мамандары өңірлерге барып, дәрігерлерді оқытады, күрделі пациенттерге кеңес береді және шеберлік сабақтарын өткізеді.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында ғана мамандар 19 өңірге барып, 240 дәрігердің біліктілігін арттырған. Сонымен қатар 277 телемедицина консультациясы өткізілген.
Біздің мақсат – сапалы кардиологиялық көмекті әрбір қазақстандыққа тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді ету, – деп түйіндеді институт басшысы.
Ең оқылған:
- +45 градусқа дейін ыстық: 14 шілдеде барлық өңірде дауылды ескерту жарияланды
- Грантқа құжат қабылдау басталды: Шекті балдар қандай?
- Ақша "күйіп" кетуі мүмкін: Шетелге демалуды жоспарласаңыз, шығуға тыйым бар-жоғын тексеріңіз
- Тегін отаны ақылы қылған: Атырауда хирург пациенттердің де, МӘМС-тің де ақшасын жымқырған
- Нұрай Серікбайдың ісі бойынша кезекті маңызды процессуалдық кезең аяқталды – адвокат
Аида БАТУХАН