Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мың теңге тұратын дәріні 15 мыңға сатып жатқандар бар. Бұл туралы "Адалдық алаңы" республикалық жобалық кеңсенің жетекшісі Төлеген Байғұлов президенттің аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттау фактілері бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мәселесі талқыланған "Antikor Live" алаңында айтты.
Қазір елдегі жағдай түсінікті. Бүгін іс-шаралар алгоритмін әзірледік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент, денсаулық сақтау департаменті, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен мониторинг тобы құрылады. Кейбір жерлерде дәрі-дәрмектің бағасы негізсіз көтерілген. Әлеуметтік желіде дәрі сатып жатқандар да бар. Тұрғындар алдын ала сатып алып, қазір қымбатқа сатып жатыр. Сондықтан да, осындай фактілерді анықтау қолға алынады, - деді ол.Ол 24 сағат бойы жұмыс істейтін WhatsApp нөмеріне жібере алатынын айтты.
Адамдар қымбатқа сатылып жатқан дәрі-дәрмекті көрсе, олар бізге жібере алады.Ақпарат жіберген соң, әр өңірде "Адалдық алаңы" жұмыс істейді. Ол ақпаратты өңірлерге жібереміз, олар жедел түрде себебін анықтайды. Барлығымыз бірігіп жұмыс істесек, аптаның соңына дейін осындай дүрбелең болмайды. Біз бүгін жұмыс тобының қызметін үйлестіріп, жұмысты бастаймыз, - деді Төлеген Байғұлов.Ол белсенді азаматтар мен журналистер, блогерлер өз үлестерін қоса алатынын айтты.
1000 теңге тұратын дәріні 15 мыңға немесе 7 мыңға сатып жатыр. Емханаларда дәрі-дәрмек, тамақтың жетпей жатқаны бойынша тұрғындардан шағым келіп түседі. Туыстары ауырып жатқан таныс, туысына алып келген заттары жетпей жатқанын айтып хабарласады. Бұл емханаларға деген сенімділікті төмендетеді. Сондықтан осы мәселені дереу тәртіпке қою керек, - деді ол.
Байғұлов айтқандай, тәртіпті орнату үшін әрбір адам өзінен бастауы керек.
Қымбатқа дәрі-дәрмек сатып алсаңыз, видео, суретке түсіріп алыңыз. Кейін 87020002494 нөміріндегі whatsApp-қа жіберіңіз. Қала, аудан және дәріхана тұрған мекенжайды жазу керек. Біздің дұрыс жұмыс істегенімізді қаласаңыз, көмектесіңіз. Бізде әр өңірде бөлімшелер жұмыс істейді, - деді ол.