Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Зерде» тобын реформалау бойынша жұмыс жылдың басында басталған. Оның бірі - жүйелік интегратордың қызметі «Цифрлық үкіметті қолдау орталығына» берілді.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үкімет отырысында айтты.
Министр инновацияларды дамытудың бірыңғай экожүйесін құру мақсатында «QazInnovations» агенттігі мен Астана хаб технопаркін бір ұйымға, яғни Инновациялық технологиялар паркінің құрамына біріктіру арқылы оңтайландыру ұсынылып отырғанын айтты. Ал Ұлттық ақпараттық технологилар акционерлік қоғамын тікелей Цифрлық даму министрлігіне қол астына беріп, «Зерде» холдингін таратып жіберу ұсынылғанын жеткізді.
Осы үрдіс барысында Холдингтің жобаларды іске асыруы бойынша тиісті материалдар құзырлы органдармен қарастырылып, зерделенеді. Есеп комитетімен талқылау кезінде Холдинг қажеттілігіне күмән келтірген болатын. Бұл ұсыныс квазимемлекеттік секторды реформалау тапсырмасына сәйкес келеді,-деді министр.
Оның пайымдауынша, енді жыл сайынғы әкімшілік шығындар үнемделеді, қажетсіз басқару деңгейін алып тастау және жауапкершілікті нақтылау сияқты оң нәтижелерге қол жеткіземіз.
Сонымен қатар ол EHealth денсаулық сақтаудың жаңа электронды архитектурасына көшу жұмыстары басталғанын айтты.
Бұл азаматтар үшін ұлттық денсаулық паспортын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал дәрігерге, пациент жөніндегі толық ақпаратты қолжетімді етеді. Басты міндет – Денсаулық сақтау министрлігіне бағынысты ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру. Осы ретте, осы саладағы барлық ақпараттық жүйелерді Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығына» біріктіріп, Цифрлық даму Министрлігіне бағынысты ету ұсынылады,- деді Б. Мусин.