Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин еліміздің IT-компанияларымен кездесуді жалғастырып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеше Samgau холдингіне бардым. ІТ-холдинг бағдарламаларды әзірлеу, жүйелік қамтамасыз етуді орнату саласында түрлі жобаларды жүзеге асырып, нарыққа өз өнімдерін шығарып келеді. Мәселен, олар Qosyl деген отаумен өзіміздің отандық бейне байланыс жүйесін әзірлеген, сонымен қатар тәулігіне 50 миллионнан астам түрлі өтініш-хабарламаларды өңдеуге қабілетті арнайы интеграциялық жүйе ойлап тапқан, – деді Цифрлық даму министрі.
Министр адамның бет-әлпетін танитын Workspace жұмыс уақытын есепке алу жүйесі туралы сөз қозғады.
Бұл қызметкерлердің шамадан тыс жұмыс істеуін ескеруге және оларға қосымша атқарған жұмыстары үшін ақы төлеуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Компания өз қызметкерлерін оқытуға және біліктіліктерін арттыруға, сонымен бірге олардың денсаулығына көп көңіл бөлуде. Мәселен, қызметкерлер отырған кеңседе арнайы жаттығу залы да бар. Холдинг алдында тұрған мақсат-міндеттер, сондай-ақ жұмыс барысында туындайтын кедергілер туралы да әңгімелестік. Бірақ, кез-келген заманауи компанияның түрлі сын-қатерлерді еңсеру арқылы ғана белгілі бір жетістікке жететіні анық. Samgau қызметкерлеріне тек сәттілік тілеймін, алдағы уақытта олар әлі де көптеген пайдалы жобаларды іске асыратынына сенімдімін!, – Бағдат Мусин.