Мусин мемлекеттік басқару цифрлық трансформациядан қалай өткізілетінін түсіндірді

4 Мамыр 2022, 10:46
1658
Бөлісу:
Мусин мемлекеттік басқару цифрлық трансформациядан қалай өткізілетінін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Министрдің мәліметінше, бұл заң жобасы үш концептуалды бағытқа негізделген:  мемлекеттік басқаруды трансформациялау, деректерді басқару жүйесін ретке келтіру және электрондық құжаттарды тең дәрежеде қолданып, аясын кеңейтуді қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттік аппаратты бюрократиядан түбегейлі арылту бойынша ауқымды жұмыс қолға алынған болатын. Бұл тұрғыда сапалы серпіліс жасау үшін жаңа тәсілдер, цифрлық шешімдер мен технологиялар қажет. Осыған орай, мемлекеттік басқаруды толыққанды цифрлық трансформациядан өткізу үшін заң жобасында бірқатар түзету қарастырылған, - деді Бағдат Мусин Мәжілісте.

Цифрлық даму министрі атап өткендей, мемлекеттік аппарат қызметінде цифрлық трансформацияға басымдық беру, бизнес-үдерістерге реинжиниринг жасау құралдарын енгізу, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның және оған ведомстволық бағынысты ұйымның мәртебесін айқындау.

Цифрлық трансформация құралдарының ең басты артықшылығы - бюрократияның себеп-салдарын, соның ішінде күрделі, түсініксіз және көлеңкелі тұстары көп процедураларды алып тастауға мүмкіндік береді. Реинжиниринг жасау арқылы көзге көрінбейтін кедергілерді анықтап, жоюға, сондай-ақ шығындарды азайтып, кадрлық және қаржылық тұрғыда үнемді әрі тиімдірек бизнес-процестер құруға жол ашылады. Алдағы уақытта мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың нәтижесіне -  бәсекелестіктің дамуына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мемлекеттік қызметті артық шығынсыз және жылдам алу мүмкіндіктеріне қол жеткіземіз, - деп толықтырды ведомство басшысы.

Мусин бүгінгі таңда қажетті институционалды және сараптамалық база қалыптасқанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы