Мусин Govtech платформасын қазақстандық ІТ-мамандардың күшімен құруды ұсынды

8 Сәуір 2022, 11:31
1792
Бөлісу:
Мусин Govtech платформасын қазақстандық ІТ-мамандардың күшімен құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин цифрландырудың платформалық үлгісін қазақстандық ІТ-мамандардың күшімен құруды ұсынды. Министр бұл туралы Facebook парақшасында жазды.

7 сәуір күні Бағдат Мусин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің былтырғы атқарған жұмыстарының қорытындысы, Президент тапсырмаларының жүзеге асырылуы, цифрландыру және IT саласының даму перспективасы жөнінде есеп берген болатын. 

Осы орайда ведомство басшысы негізгі мәселелерге тоқтала кетті: 

- Ең қажетті 18 құжатты цифрлық нұсқаға ауыстырдық, 2021 жылы бұл қызметтерге 32 млн адам жүгінген. Жеке деректерді қорғау шараларын міндетті түрде сақтай отырып, мемлекеттік цифрлық сервистерді сыртқы платформаларға шығарып жатырмыз (мысалы, Kaspi/Halyk). 

- Былтыр 70 млн онлайн қызмет көрсетілген, соның ішінде 20 млн #eGovMobile қосымшасы арқылы ұсынылды.

- Президент тапсырмасына сәйкес ұялы байланыс операторларына қатысты бақылау шараларын күшейту және байланыс сапасын өлшеудің жаңа алгоритмдерін қолдану арқылы «цифрлық теңсіздікті» жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2021 жылы 628 елді-мекенде Интернет сапасы жақсартылса, биыл тағы да 140 ауылда осындай жұмыстар жүргізілмек.

- Мобильді операторлармен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G технологиясын сынақтан сәтті өткіздік. 2022 жылы республикалық маңызы бар қалаларда, 2023-2024 жылдары облыс орталықтарында коммерциялық мақсатта іске қосу жоспарланып отыр.

Демонополиялау бойынша. «Қазақтелеком» компаниялар тобы байланыс операторының бірі бәсекелестік ортаға шығарылады. Сондай-ақ бәсекелестік ортаны жақсартуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастаманы қабылдау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, - деп айтты Бағдат Мусин.

Одан бөлек, министр IT саласы бойынша Президент тапсырма бергенін айтты. 

Президентке Astana Hub технопаркінің жұмысы, соның ішінде Қазақстанға келіп жатқан шетелдік IT компаниялар туралы айттым. Президент отандық IT секторды қолдауға бағытталған нақты шаралар әзірлеуді және халықаралық нарықта жетістікке жеткен шетелдік IT компанияларға көмек көрсетуді тапсырды. Цифрландырудың платформалық үлгісіне өту бойынша. Осындай жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі бар сарапшыларды тарта отырып, Govtech платформасын «ҰАТ» АҚ, қазақстандық ІТ-мамандардың күшімен құруды ұсындым, - дейді Цифрлық даму министрі.

Өзгелердің жаңалығы