Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі халық алдындағы есеп беру кездесуін өткізді. Министрліктің жүзеге асырып жатқан жобалары мен жұмыс нәтижесін баяндап, биылғы жылдың жоспарымен бөлісті.
Маған жолдаған сауалдарыңыз бен ұсыныстарыңызға алғыс айтамын. Түрлі сұрақтар қойылды, соның ішінде 1414 орталығы мен ХҚО-лар, байланыс сапасы мен аэроғарыш саласы, тіпті Илон Маск пен Стив Джобстың жетістігін қайталау мәселесі де қозғалды... Біздің мақсат-міндетіміз айқын – қарапайым халық үшін өркениет игіліктерін қолжетімді ету. Қызметтерді банк қосымшалары негізінде ұсына бастағанда, қазақстандықтар бұл қадамды құптады. Осы жерде тағы да айта кетейін, банк қосымшалары – бұл тек қана сервис (фронт), ал барлық мәліметтер мемлекеттік сервистерде сақталады. Бұл тұрғыда ақпарат қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген - деді министр Бағдат Мусин.
Еgov mobile арқылы цифрлық құжаттардың 15 түрі ұсынылады.
Қазірдің өзінде 800 мыңнан астам адам осы сервистің игілігін көріп үлгерді. Цифрлық құжаттарды нотариусқа, ХҚО-ға барғанда, сондай-ақ Нұр-Сұлтан-Алматы-Нұр-Сұлтан бағытымен ұшқанда пайдалана аласыздар. Жуырда басқа да мүмкіндіктерін жария етеміз. 1414 орталығы бойынша арыздар да жетерлік. Біз күту уақытын 100 секундқа дейін қысқарттық, Азаматтарға арналған үкіметтің басшылығы осы айдың аяғына дейін 30 секундқа қысқартамыз деп отыр. Вакцинациялау паспортын енгіздік, оны екінші кезеңнен кейін алуға болады. Бұл үшін цифрлық құжаттарды жаңарту қажет - деді министр.
ІТ саласын дамыту үшін тағы не жасалды?!
Биылдан бастап ІТ-компаниялар ІТ-қызметтерді экспорттау кезіндегі шығындарының өтемін қайтара алуы үшін біраз жұмыстар атқарылды. Оның үстіне ІТ-компаниялар бизнестерін дамытуға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие ала алады. Сыйақы мөлшерлемесі жылына 6 пайыздан аспайды! Нарықты дамыту үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасалып жатыр - деді Бағдат Мусин.
Сонымен қатар, министр Инновациялық гранттар беру үрдісін жаңартып, пилот өткізгендерін айтты.
Екі аптаның ішінде рекордтық көрсеткіш – 660 өтінім келіп түсті. Нәтижесінде 5 стартапты қаржыландыратын болдық. Бүгінгі онлайн кездесудің толық нұсқасын профильдегі сілтеме арқылы көре аласыздар. Қызықты сұрақтар мен ұтымды ұсыныстарыңыз үшін сіздерге кезекті рет алғыс айтамын! - деп жазды ол өз парақшасында.