Мұрат Әбенов: Бұл жолғы сайлау қазақ тілінің қоғамдағы орнын айқындады

9 Маусым 2019, 23:48
2554
Бөлісу:
Мұрат Әбенов: Бұл жолғы сайлау қазақ тілінің қоғамдағы орнын айқындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Аманат»  азаматтық платформасының жетекшісі Мұрат Әбенов сайлау науқаны кезінде үгіт-насихаттың қандай тәсілдері ұтымды болғанын айтты. 

Оның айтуынша, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде ресми шараларға қарағанда бейресми шаралар ұтымды болған.

«Әлеуметтік желіні пайдаланғандар ұтымды жұмыс істеп, көп қолдаушы тапты. Түрлі жиындар өткізіп, дәстүрлі технологияға иек артып,  әкімшілік ресурстарға сенгендерден қарағанда солардың жұмысы тиімді болып жатты. Біз соның бәрін барынша тәуелсіз көзқараспен талдауға тырыстық», - деді Мұрат Әбенов «Аманат» азаматтық платформасының кезектен тыс президент сайлауының аралық қорытындысын жариялаған жиынында.

Қоғам белсендісі сайлау алдындағы үгіт жұмыстарында бұрынғы сайлауларға қарағанда қазақ тілінің үлесі басым болғанын айтты. 

«Ел арасында канидаттар сайлаудан кейін берген уәделерін ұмытып кетпесе екен деген тілек көп айтылды.  Тағы бір ерекше атап өтерлік дүние, үгіт-насихат жұмыстарында қазақ тілінің үлесі артқаны анық көрінді. Кейбір партиялар  мен ұйымдар оған дайын болмай шықты. Мұның бәрі әсіресе сайлау науқанының аяғына қарай анық байқалды»,- дейді азаматтық платформа өкілі.

Естеріңізде болса, бұған дейін «Аманат» азаматтық платформасы сайлау кезіндегі заңбұзушылықтар жайлы хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы