Мұрағаттағы құжаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды - Аймағамбетов

19 Қаңтар 2022, 17:56
1426
Бөлісу:
Мұрағаттағы құжаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды - Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қаңтар қасіреті» кезінде болған оқиғаларды ескере отырып, мұрағаттағы құнды қорлардың сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.

Министр жазбасында ежелгі құжаттарды қалпына келтіру қажет екенін айтты.

Алматыға жұмыс сапары барысында «Ғылым ордасы» орталығында болып, Ғылыми кітапхананың, мұрағаттың, сирек басылымдар қоймасының жұмысымен таныстым. Орталықтың құндылығы ерекше, себебі онда біздің ғылыми және мәдени мұрамыз, отандық ғалымдардың ғылыми-зерттеу және ағартушылық жұмыстары сақталған.«Қаңтар трагедиясы» кезінде болған оқиғаларды ескере отырып, осындай өте құнды қорлардың сақталуын қамтамасыз ету өте өзекті. Оларды цифрландыруды жүргізу, резервтік көшірмелер жасауды, каталогтандыруды, қызметкерлерді оқытуды, қолжазбаларды және басқа да дереккөздерді ғылыми айналымға енгізуді, ежелгі құжаттарды қалпына келтіруді қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ өткен оқиғалар аясында олардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды, - дейді ол.

Сонымен қатар министр мвңызды құжаттар сақталатын қоймаларды қажетті температурада ұстау үшін қажетті жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлетінін жеткізді.

Сапарымның қорытындысы бойынша арнайы өнеркәсіптік сканерлерді, тозған құнды кітаптар мен ежелгі қолжазбаларды қалпына келтіруге арналған зертханалық жабдықтарды, сақтауға арналған арнайы сөрелер мен жәшіктерді, сондай-ақ қоймаларды қажетті температуралық жағдайлармен қамтамасыз етуге арналған жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды, - дейді Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол ғылыми орталықтың жұмысын жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынатынын айтты.

Ғалымдармен бірге біз ғылыми орталықтың жұмысын жаңа деңгейге көтеру мәселесін талқыладық. Өз тарапымнан, министрлік ғылыми жұмыстарды цифрландыру, білікті мамандарды тарту, Ұлттық мұрағат қоры материалдарының резервтік көшірмелерін жасау және жалпы осы орталықтың барлық өзекті мәселелерін шешу мәселелерін бақылауға алатынымызды атап өткім келеді, - деп мәлімдеді министр.

Өзгелердің жаңалығы