Мұнайшылар мәселесі: 5 белсенді жаңаөзендікке қатысты әкімшілік іс қозғалды

12 Сәуір 2023, 11:09
1283
Бөлісу:
Мұнайшылар мәселесі: 5 белсенді жаңаөзендікке қатысты әкімшілік іс қозғалды
Фото: Zakon.kz

Мәжілістің кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев елордадағы заңсыз жиналыста 120-дан аса адам ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзудың алдын алу мақсатында ішкі істер органдары заңсыз жиналысқа қатысушыларды ішкі істер органдарына жеткізген болатын. Нәтижесінде тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілді. Қазіргі таңда барлық жұмысшы елдеріне қайтарылды. Бірақ араларында айрықша белсенділік көрсеткен 5 азаматқа қатысты тиісті әкімшілік іс қозғалып, олар сотта қаралды. Нәтижесінде оларға ескерту тәртібінде шара көрсетілді. Бірақ олар да үйлеріне қайтарылды, - деп түсіндірді Өмірәлиев Мәжілістің кулуарында.

Бас прокурордың орынбасары атап өткендей, басқа өңірлерде көшеге шыққандар туралы хабарлама жоқ. Тек Жаңаөзенде болды.

Жаңаөзенде кеше ұсталғандардың туған-туысқандары, әріптестері оларды босатуды сұрап, көшеге шықты. Кеше полиция ғимаратына алып келген маңғыстаулықтардың жағдайы жақсы, - деп айтты ол.

Сөзінше, кешегі ереуілде 120-126 маңғыстаулық ұсталған. Ал Жаңаөзенде осы мәселеге қатысты ұсталғандар туралы ақпарат жоқ.

Өзгелердің жаңалығы