Мұнайдың үстінде отырған ел болсақ та, мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады – депутат

Бөлісу:
Мұнайдың үстінде отырған ел болсақ та, мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады – депутат
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мұнайдың үстінде отырған ел болсақ та, мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге және жаңғыртуға 2 трлн теңге жұмсалды, бұл ретте мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн тоннадан аспайды, - деді депутат Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Жаңбыршиннің айтуынша, еліміздегі ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отыр. Қазір олардың мұнай өндіру көлемі азаюда.

Бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс. Іс жүзінде Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді және 7 жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Яғни еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда мұнай-газ саласында неше адам жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ, 2024 жылы еліміз қанша тонна мұнай өндіретініне болжам жасалды

Мәжілістегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2026 жылдан бастап еліміз жыл сайын 100 млн тоннадан астам мұнай өндіретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, министр автогаз бен жеңіл мұнай өнімдері тапшылығын қалай болдырмайтынын айтып берді.

Аталған жиын барысында депутат Еділ Жаңбыршин алдағы 15 жылда Қазақстанда мұнай-газ өндіру көлемі азаятынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы