BAQ.KZ-тың “15 минуттық экономика” жобасында экономист Айбар Олжай Қазақстан мұнай экспортына байланысты ең ұтымды жол оны өз елімізде өндіру екенін атады.
Жалпы шикі мұнайды экспортқа шығаруды барынша азайтып, оны түгел өз елімізде өңдеп, жанар-жағармай, мұнай-газ химиясы сияқты дайын өнімдерді шығарсақ, шетелдік құбырларға тәуелсіз боламыз. Біз үшін ең ұтымды, тиімді жол – осы. Шикі мұнайды шетелге шығара бермей, елімізде осы мұнайды терең өңдейтін өндірістерді көбірек ашып, шикі мұнайды шетелдік зауыттарға бермей, өзіміздің зауыттарға тарту. Дайын өнімдерді шығару анағұрлым қымбат, қосымша құны артық болады, - деді сарапшы.
Айбар Олжай мұнайды Қазақстанда өңдеу арқылы экспорттық табысты еселей арттыра алатынымызды атап, оған үлкен инвестиция қажет екенін айтты.
Менің ойымша, кемінде Ұлттық қорда бар қазіргі 70 миллиард доллардың тең жартысы қажет болады. Екіншіден, оған уақыт керек және технологиялардың ең үздігін тарту керек. Содан кейін болжамды модельдері қажет. Болашақта жалпы осы мұнай өнімдеріне қаншалықты үлкен сұраныс болады? Себебі біз қыруар инвестициямызды салып, өзіміздің Ұлттық қорымызды бәске тігіп, бұл жұмыстарды істейтін болсақ, ертең сұраныс қысқарып қалса, бензин бағасы құлдырап түсіп кететін болса, онда біз өзіміздің инвестициямызды ақтай алмай қалуымыз мүмкін. Ондай тәуекелі де бар, - деді ол.
Экономист Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қазақстанның негізгі мұнай артериясы КТК құбырына қауіп төндіріп тұрғанын айтқан болатын. Ал Қазақстан экспортқа шығаратын мұнайдың шамамен 80 пайызы КТК құбыры арқылы жүреді.
Ал “Атасу – Алашанькоу” құбыры арқылы Қытайға көбірек мұнай тасу Қазақстанға тиімсіз.