ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысындағы департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытын тергеуге кірісті. Алпауыт кәсіпорын мұнайды қайта өңдеу қызметінің құнын көтерген көрінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Департамент өкілдерінің мәліметінде АМӨЗ 2021-2023 жылдар аралығында мұнайды қайта өңдеу құнын 31%-ға дейін шарықтатқан. Сонымен қатар баға өсіміне әсер ететін физикалық және басқа да сипаттағы өзгерістер анықталмаған.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2021-2023 жылдар аралығындағы мұнайды қайта өңдеу тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіліп, нәтижесінде "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС "ҚазМұнайГаз" тұлғалар тобының құрамында (оның ішінде "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС және "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС) монополиялық жағдайға ие екені анықталды. Сонымен қатар, талдау барысында Атырау мұнай өңдеу қызметінің монополиялық жоғары бағалар орнату бөлігінде бұзушылықтың бастапқы белгілері анықталуына байланысты, одан әрі жұмыстар жүргізу үшін біздің департаментке тапсырма берілген болатын, - деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің АО бойынша департаменті басшысының орынбасары Әсел Әдиева.
Атырау мұнай өңдеу зауыты кәсіпкерлік кодекстің 174-бабы бойынша тергеліп жатыр. Тергеу жұмыстары 2025 жылдың 6 қаңтар күні басталған. Әлі 3 айға созылатын көрінеді. Одан кейін қосымша уақыт қажет болса, тағы 2 айға да созылуы әбден мүмкін. Тергеудің қорытындысы бойынша бұзушылық белгісінің бар-жоғы анықталатын болады. Егер де тергеуден кейін факті расталса, толықтай монополиялық кірісі тәркілене отырып, кәсіпорын 5% көлемінде айыппұл арқалайды.