Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағындағы өрт толық сөндірілді, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
25 тамызда сағат 12:55-те «112» пультіне Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Нысанның ерекшелігі ескеріле отырып, ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша оқиға орнына дереу жіберілді.
Өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер өрт сөндіруші», АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметінен шамамен 65 адам мен 19 бірлік техника жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, тартылған барлық күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіру ұйымдастырылды. Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, оттың одан әрі таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді, - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Зардап шеккендер жоқ.
Өрттің шығу себептері анықталуда. Жағдай бақылауда.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шыққаны хабарланды.