Мұнай компаниясында мамандардың 96%-ы қазақстандықтар – ТШО 

2000 жылдан бастап қызметкерлерді оқыту мен дамытуға 137 млн доллардан астам қаражат жұмсалған.

 Атырау мұнай өңдеу зауыты Бүгiн 2026, 16:26
Бүгiн 2026, 16:26
133
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Теңізшевройл ЖШС бас директоры Билли Лакоби Мәжілісте өткен тақырыптық отырыста компанияның кадрлық саясаты, әлеуметтік жобалары және қазақстандық қамту көрсеткіштері туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ТШО-дағы қазақстандық мамандардың үлесі жыл сайын артып келеді. 2026 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша компания қызметкерлерінің 96%-ын қазақстандықтар құрайды. Ал басшылар мен супервайзерлер арасындағы жергілікті кадрлардың үлесі 89%-ға жеткен.

Сондай-ақ соңғы алты жылда 670-тен астам қазақстандық маман негізгі басқарушылық және техникалық қызметтерде шетелдік қызметкерлердің орнын басқан. 1999 жылдан бері 500-ден астам қызметкер халықаралық және ішкі тағайындауларға жіберілген, - деді ол.

Компания дерегінше, 2000 жылдан бастап қызметкерлерді оқыту мен дамытуға 137 млн доллардан астам қаражат жұмсалған. Бұл бір қызметкерге шаққанда жылына орта есеппен 2 мың доллардан астам инвестицияны құрайды.

ТШО басшысы компанияның әлеуметтік инвестицияларына да тоқталды. Оның мәліметінше, компания құрылғаннан бері «Игілік» бағдарламасы аясында Атырау облысында 120-дан астам инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылған.

Мәжілістегі отырыста қазақстандық қамту көрсеткіштері де жария етілді. 2025 жылы ТШО тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша жалпы жергілікті қамту үлесін рекордтық 71%-ға жеткізген.

Компания Энергетика министрлігімен келісілген жоспарлы көрсеткіштерді барлық санат бойынша асыра орындаған. Ал бір жыл ішінде жергілікті тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге шамамен 1,8 млрд доллар жұмсалған. Сонымен қатар, тауарлар санатындағы қазақстандық қамту үлесі 2024 жылғы 7%-дан 2025 жылы 15%-ға дейін өскен. Бұл өсім химиялық өнімдер, құрылыс материалдары, бұрғылау сұйықтықтары, коррозияға қарсы ингибиторлар және жоғары құнды жабдықтарды сатып алу есебінен қамтамасыз етілген, - деп айтты Билли Лакоби Мәжілісте.

Еске салайық, бұған дейін Теңіздегі мұнай өндірісі толық қалпына келтірілгені хабарланды. 

Наверх