Мұнай бағасын тежеу үшін АҚШ қорынан 172 млн баррель шығарады

Жалпы алғанда Халықаралық энергетикалық агенттікке (ХЭА) мүше елдер нарыққа 400 млн баррель мұнай шығарады.

 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект 12 Наурыз 2026, 10:46
12 Наурыз 2026, 10:46
682
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі аясында мұнай бағасының күрт өсуін тежеу үшін АҚШ стратегиялық мұнай қорынан 172 млн баррель шикізат босатады. Бұл туралы  АҚШ-тың Энергетика министрі Крис Райт мәлімдеді.

Министр өз мәлімдемесінде бұған дейін Халықаралық энергетикалық агенттікке мүше 32 ел президент Дональд Трамптың өтінішін бірауыздан қолдағанын еске салды. Олар энергия тасымалдаушылар бағасын төмендету үшін қорларынан мұнай мен мұнай өнімдерінің 400 млн баррелін бірлесіп нарыққа шығаруға келіскен.

Осы шаралар аясында президент Трамп Энергетика министрлігіне келесі аптадан бастап стратегиялық мұнай қорынан 172 млн баррель босатуды тапсырды. Жоспарланған жеткізу қарқынына сәйкес, бұл көлемді нарыққа шығару шамамен 120 күнге созылады, – деді Райт.

Бұған дейін Германия Иран төңірегіндегі қақтығысқа байланысты мұнай қорының бір бөлігін босату туралы шешім қабылдағаны хабарланған еді.

Ал Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити үкімет ұлттық стратегиялық мұнай қорын ашып, оны ішкі нарыққа жеткізе бастау жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Жалпы Жапониядағы стратегиялық мұнай қоры елдің қажеттілігін 254 күн бойы қамтамасыз ете алады.

ХЭА сайтында жазылғандай, төтенше қорлар әр елдің ұлттық жағдайына сәйкес мерзім ішінде нарыққа шығарылады және кейбір мемлекеттердің қосымша шұғыл шараларымен толықтырылады.

ХЭА-ға мүше елдердің қолында 1,2 млрд баррельден астам төтенше қор бар. Бұған қоса, мемлекет меншігіндегі шамамен 600 млн баррель өндірістік қор да бар. Қорларды үйлестіріп босату ХЭА тарихында алтыншы рет жүзеге асқалы отыр. Бұл ұйым 1974 жылы құрылған. Бұған дейін мұндай ұжымдық әрекеттер 1991, 2005, 2011 жылдары және 2022 жылы екі рет жасалған.

Айта кетейік, 2026 жылдың 28 ақпанында басталған Таяу Шығыстағы қақтығыс Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімін қиындатып жіберді. Қазіргі таңда шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспорты қақтығысқа дейінгі деңгейдің 10 пайызынан да төмен. Бұл аймақтағы операторларды өндірістің едәуір бөлігін уақытша тоқтатуға немесе қысқартуға мәжбүрлеп отыр.

2025 жылы Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне орта есеппен 20 млн баррель шикі мұнай мен мұнай өнімдері тасымалданған. Бұл әлемдік теңіз арқылы жүзеге асатын мұнай саудасының шамамен 25 пайызына тең. Ормуз бұғазын айналып өтудің мүмкіндіктері шектеулі.

Наверх