Мұнай бағасы құбылып тұр: Қазақстан не ұтады?

Мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіру ұзаққа созылып, әлемдік нарықта баға барреліне 80–90 доллар деңгейінде сақталуы мүмкін.

 ©BAQ.KZ коллажы 28 Қазан 2026, 07:30
28 Қазан 2026, 07:30
154
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемдік нарықта мұнай бағасы құбылып тұр. Таяу Шығыстағы дипломатиялық келіссөздер бағаның төмендеуіне ықпал етуі мүмкін болғанымен, аймақтағы қауіпсіздікке қатысты жағдай мұнай жеткізіліміне алаңдаушылық туғызып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетейік, Reuters агенттігінің 27 қазандағы мәліметінше, сейсенбі күні мұнай бағасы аздап өскен. Гринвич уақытымен сағат 09:18-де Brent маркалы мұнайдың бағасы 0,39 пайызға өсіп, барреліне 116,26 долларға жетті. Ал америкалық WTI мұнайы 0,39 пайызға қымбаттап, 102,16 доллар болды. Бұған дейін сауда барысында баға төмендеген еді.

Нарықтағы өзгерістерге бір жағынан Таяу Шығыстағы дипломатиялық келіссөздерге қатысты үміт әсер етсе, екінші жағынан Сауд Арабиясына жасалған жаңа шабуылдар мен Ормуз бұғазы маңындағы қауіпсіздік мәселелері мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр. Reuters дерегінше, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау көлемі қалыпты деңгейдің шамамен 60 пайызына дейін төмендеген.

Мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіруге уақыт қажет

Халықаралық мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов алдағы бір жарым-екі жылда мұнай бағасы барреліне 80–90 доллар шамасында болуы мүмкін деп есептейді. Айтуынша, алдағы бір жарым-екі жылда мұнай бағасы барреліне 80–90 доллар шамасында болуы мүмкін. Сарапшы мұны Парсы шығанағы мен оған жақын өңірлердегі мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау инфрақұрылымын қалпына келтіру қажеттігімен байланыстырады.

Қазір мұнай бағасын болжау оңай емес. Әртүрлі ұйымдар бағаның алдағы уақытта қалай өзгеретіні туралы түрлі болжам ұсынып отыр. Дегенмен алдағы бір жарым-екі жылда мұнай бағасы барреліне 80–90 долларға дейін жетеді деп ойлаймын, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін қомақты қаржы ғана емес, арнайы жабдықтар да қажет. Алайда қазір әлемдегі бірқатар өндіріс орны толық қуатында жұмыс істеп жатыр. Соның салдарынан қажетті жабдықтарды жеткізу мерзімі ұзарып, мұнай-газ саласындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстары баяулауы мүмкін.

Мысалы, Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіруге кемінде 20–25 млрд доллар қажет болады. Әрине, өндірістік қуаттарды қалпына келтіру үшін жай ғана ақша жеткіліксіз. Қажетті жабдықтарды да өндіру керек. Ал қазір бұл саладағы өндіріс орындарының жүктемесі жоғары, – деп түсіндірді ол.

Сарапшы газ турбиналарын мысалға келтірді. Оның сөзінше, мұндай жабдықтарды шығаратын әлемдік кәсіпорындардың барлығы дерлік толық қуатында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жаңа өндіріс орнын ашуды жоспарлаған компаниялар қажетті жабдықтарды бірден ала алмауы мүмкін.

Айталық, Қазақстанда зауыт немесе өндіріс орнын ашып, оған газ турбиналарын сатып алғымыз келді делік. Бірақ қазір мұндай жабдыққа тапсырыс берсеңіз, кезегіңіз үш жылдан кейін ғана келуі мүмкін. Өйткені әлемдегі өндірістік қуаттардың барлығы дерлік бос емес, – деді Олжас Байділдинов.

Танкерлерді қалпына келтіру де қосымша шығынды талап етеді

Сарапшы мұнай тасымалдайтын кемелер мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, Парсы шығанағынан мұнай негізінен Азия елдеріне, Үндістанға, ішінара АҚШ пен Еуропаға жеткізіледі. Аймақтағы қақтығыстар мұнай тасымалына пайдаланылатын инфрақұрылымға да қауіп төндіріп отыр.

Байділдиновтің пікірінше, зақымданған немесе жойылған танкерлердің орнына жаңасын салу қажет болса, бұл да қосымша уақыт пен қаражатты талап етеді.

Мәселен, Aframax санатындағы бір мұнай танкерінің құны шамамен 100 млн долларға жетуі мүмкін. Дағдарысқа дейін оның бағасы 70–80 млн доллар болған. Қазір құны 100 млн долларға дейін өскен шығар, – деді сарапшы.

Ол сондай-ақ ең ірі мұнай танкерлерінің бірі саналатын VLCC бір рейсте 2 млн баррель мұнай тасымалдай алатынын атап өтті. Сарапшының бағалауынша, мұндай кеменің құны 150–200 млн доллар болуы мүмкін.

Осылайша, мұнай өндіру және өңдеу нысандарымен қатар, тасымалдау флотын қалпына келтіру де саланың шығынын арттырады.

Келісім жасалған күннің өзінде баға бірден төмендемеуі мүмкін

Олжас Байділдиновтің пайымдауынша, Иранмен және басқа тараптармен келісімге қол жеткізілгеннің өзінде мұнай бағасы бірден төмендемеуі ықтимал. Бұған инфрақұрылымды қалпына келтірудің ұзаққа созылуы және әлемдік нарықта мұнай тапшылығының туындау қаупі әсер етуі мүмкін.

Сондықтан алдағы уақытта мұнай бағасы барреліне 80–90 доллар шамасында болады деген болжамға көбірек бейіммін. Тіпті Иранмен және басқа тараптармен келісімге қол жеткізілген күннің өзінде, баға осы деңгейде қалуы мүмкін. Біріншіден, әлемде мұнай тапшылығы туындауы ықтимал. Екіншіден, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге қыруар қаражат қажет болады, – деп түйіндеді сарапшы.

Айта кетейік, мұнай бағасы геосаяси жағдайға, жеткізілім көлеміне және нарықтағы сұранысқа қарай өзгеріп отырады. Сондықтан сарапшы келтірген 80–90 долларлық баға – алдағы бір жарым-екі жылға арналған болжам.

Наверх