Әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта өсіп, барреліне 100 доллардан асты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Сейсенбі күні таңертең Азия саудасында Brent маркалы мұнай 3,75%-ға қымбаттап, 103,69 долларға жетті. Ал Nymex Light Sweet (WTI) мұнайы 3,42%-ға өсіп, барреліне 91,55 доллар болды.
Бұған дейін дүйсенбі күні мұнай бағасы 10%-дан астамға төмендеген еді. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға жаңа соққыларды кейінге қалдыруы және қақтығысты реттеу мүмкіндігі туралы мәлімдемесінен кейін орын алған.
Алайда кейінгі жағдай инвесторлардың алаңдаушылығын қайта күшейтті. Иран тарапы АҚШ-пен келіссөздер жүргізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы геосаяси белгісіздік мұнай бағасының құбылуына әсер етуді жалғастырады.