Қазақстан үшін мұнайдың әлемдік нарықтағы жоғары бағасы тиімді болғанымен, ішкі нарықтағы баға саясаты мүлде басқа логикаға негізделген. «Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан мұнайды сыртқы нарықта барреліне шамамен 100 доллардан сатып отыр. Алайда ел ішінде мұнай өнімдері әлдеқайда төмен бағамен – шамамен 25 доллар деңгейінде есептеледі. Бұл – ішкі нарықты тұрақтандыруға бағытталған саясаттың нәтижесі.
Қазақстан үшін мұнайдың барреліне 100 доллар баға тиімді. Бірақ әлемдік нарықтағы бағамен ішкі нарыққа сатпаймыз. Мәселен, сыртқа мұнайды 100 доллар барреліне сатып отырсақ, ішкі нарыққа 25 долларға жуық бағамен сатамыз, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Ормуз бұғазы және әлемдік нарықтағы жағдай
Сарапшы қазіргі геосаяси ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы жалғасып жатыр, Иран да өз экспортын тоқтатқан жоқ. Бұл факторлар әлемдік нарықтағы ұсынысқа әсер етеді.
Сонымен қатар Қазақстанның әлемдік мұнай нарығындағы үлесі шамамен 2 пайызға жуық. Сондықтан ел үшін ең маңыздысы – экспорттан бұрын ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Ішкі сұраныс артып келеді
Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстанда жанар-жағармайға деген сұраныс жыл сайын өсіп жатыр. Бұған халық санының артуы мен автокөліктер санының көбеюі әсер етуде.
Ең әуелі ішкі нарықты ойлануымыз керек. Жыл сайын халықтың саны өсіп жатыр және автокөлікке деген де сұраныс жылдам артуда. Осыны ойласақ, болашақта жанар-жағармайға сұраныс көбейеді, – дейді сарапшы.
Сирек металдар мұнайды алмастыра алмайды
Соңғы уақытта сирек металдарға сұраныс артқаны байқалады. Дегенмен, сарапшы олардың мұнайдың орнын толық баса алмайтынын айтады.
Сирек металдар қазір трендте, дегенмен ол мұнайдың орнын баса алмайды. Мұнай жыл сайын 10 млрд салықты тікелей қазынамызға құйып жатыр, ал сирек металдар ондай деңгейде бере алмайды және оларға өте көп жеңілдіктер көрсетілген, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік мұнай өндіруші компаниялардың елде қала бергені дұрыс. Бұл саладағы тұрақтылық пен инвестиция ағынын сақтау үшін маңызды.
Еске салсақ, Қазақстан мұнай тасымалында негізгі бағытты белгіледі. Еліміз мұнай саласын дамытудың басым бағыттарын CERAWeek конференциясында таныстырды.