Соңғы жылдары теңгенің бағамына қатысты қалыптасқан түсінік өзгере бастады. Бұрын ұлттық валютаның тағдыры мұнай бағасымен тікелей байланыстырылса, қазір бұл тәуелділік әлсіреп келеді. Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, теңге енді мұнайдың ғана емес, бірнеше ішкі және сыртқы фактордың ықпалымен қалыптасатын валютаға айналып отыр. Бұл нені білдіреді?
Теңге мен мұнай арасындағы бұрынғы байланыс әлсіреді
Ұзақ уақыт бойы Қазақстанда теңге бағамын болжаудың ең кең тараған тәсілі – мұнай бағасына қарау болатын. Brent маркалы мұнай қымбаттаса, теңге нығаяды, арзандаса – әлсірейді деген заңдылық қалыптасқан еді.
Алайда соңғы бес жылдағы үрдіс бұл байланыстың бұрынғыдай күшті емес екенін көрсетті.
Экономист Айбар Олжайдың мәліметінше, соңғы 60 айдың 14 айында мұнай фьючерстерінің бағасы төмендегенімен, теңге керісінше нығайған.
Соңғы жылдары теңгенің мұнай бағасына тәуелділігі айтарлықтай әлсіреді. Соңғы бес жылдағы 60 айдың 14 айында мұнай арзандағанымен, теңге керісінше нығайды. Бұл ұлттық валютаның енді тек мұнай бағасына емес, бірнеше факторға тәуелді екенін көрсетеді. Сондықтан бүгінгі таңда "мұнайдың бағасы осындай болса, теңге мына деңгейде болады" деп нақты айту қиын. Ұлттық валюта көпфакторлы модель бойынша қалыптасып келеді, – дейді сарапшы.
Ұлттық валютаға қазір не көбірек әсер етеді?
Сарапшының пікірінше, теңге бағамын айқындайтын факторлар айтарлықтай өзгерген.
Олардың қатарында Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін валютаның сатылуы,квазимемлекеттік компаниялардың экспорттық валюталық түсімді биржада сатуы, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты мен өтімділікті реттеу операциялары, салық кезеңіндегі валютаға сұраныс және АҚШ долларының әлемдік DXY индексіндегі өзгерісі бар.
Яғни қазіргі таңда ұлттық валютаға ішкі нарықтағы валюталық ұсыныс бұрынғыдан әлдеқайда көбірек ықпал етіп отыр.
Маусымдағы парадокс: мұнай 23 пайыз арзандады, теңге нығайды
Маусым айындағы жағдай бұл өзгерістің айқын мысалы болды.
Айдың басында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі шамамен 95 доллар болса, ай соңында 73 доллар шамасына дейін төмендеді. Яғни мұнай бағасы шамамен 23 пайызға арзандады.
Соған қарамастан теңге бір ай ішінде 1,3 пайызға нығайып, доллар бағамы 479,98 теңгеге дейін төмендеді.
Айбар Олжай мұны бірнеше фактордың жиынтық әсерімен түсіндіреді.
Маусым айында Ұлттық қордан биржаға шамамен 200 миллион доллар сатылды. Сонымен бірге квазимемлекеттік компаниялар экспорттық валюталық түсімінен 420 миллион доллар өткізді. Жалпы алғанда мемлекет пен квазимемлекеттік сектор нарыққа 620 миллион доллар ұсынды. Осы кезеңде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қажеттілігі үшін 92 миллион доллар ғана сатып алынды. Демек, нарықтағы таза валюталық ұсыныс 520–530 миллион доллар шамасында болды. Бұған қоса, Ұлттық банк өтімділікті реттеу шараларын жүргізді, ал әлемдік нарықта доллар индексі әлсіреді. Осындай факторлардың жиынтығы теңгенің мұнай бағасына қарамастан нығаюына мүмкіндік берді, – дейді ол.
Ішкі факторлардың рөлі артып келеді
Экономистің айтуынша, ендігі негізгі мәселе – теңге бағамына ішкі факторлар көбірек ықпал ете ме, әлде сыртқы факторлар ма деген сұрақ.
Егер ішкі факторлардың әсері күшейе берсе, онда ұлттық валютаның бағамын тұрақты дәлізде ұстап тұру мүмкіндігі артады.
Бұл жағдайда мұнай бағасындағы қысқа мерзімді құбылулар теңгеге бұрынғыдай қатты әсер етпеуі мүмкін.
Шілдеде доллар қымбаттай ма?
Жаз мезгілінде халықтың шетелге демалысқа шығуына байланысты долларға сұраныс өседі деген пікір жиі айтылады. Алайда биылғы статистика бұл болжамды толық растап отырған жоқ.
KASE деректеріне сәйкес, маусым айында USD/KZT жұбы бойынша орташа күндік сауда көлемі 369 миллион долларды құрады. Бұл мамырдағы 392 миллион долларлық көрсеткіштен төмен.
Сарапшы шілде айында да валюталық нарықта ерекше өзгеріс болмайды деп есептейді.
Ұлттық банк шілде айында Ұлттық қордан 200-300 миллион доллар көлемінде валюта сатуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар үшінші тоқсанда айналау операциялары аясында шамамен 1,1 триллион теңге эквивалентіндегі шетел валютасы нарыққа шығарылады. Бұл теңгеге қосымша қолдау береді. Оның үстіне базалық мөлшерлеме 17 пайыз деңгейінде қалып отыр. Мұндай жағдайда теңгелік активтер инвесторлар үшін әлі де тартымды. Сондықтан шілде айында теңгенің күрт әлсіреуін күтпеймін. Қазіргі бағам ұлттық валюта үшін қолайлы деңгейде тұр. Тіпті теңгенің 465 теңге деңгейіне қарай нығаю ықтималдығы да бар, – дейді экономист.