Иранмен соғыс пен мұнай бағасының өсуі аясында акциялар арзандап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
АҚШ-та акциялар тағы да төмендеді: бейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша Dow индексі – 1,5%, Nasdaq – 1,7%, S&P 500 – 1,5% көрсетті. Bloomberg мұнай бағасының барреліне 100 долларға дейін күрт өсуі жаңа инфляциялық толқын туындауы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейткенін жазды. Сонымен қатар инвесторларды көлемі 1,8 трлн долларды құрайтын жеке кредиттеу нарығындағы дағдарыс белгілері де мазалап отыр.
Наурыздың алғашқы аптасындағы АҚШ-тағы жұмыссыздық бойынша алғашқы өтініштер санына қатысты деректер жарияланғаннан кейін пессимистік көңіл-күй одан әрі күшейді. Көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.
Yahoo Finance атап өткендей, сәрсенбі күні жарияланған тұтынушылық инфляция туралы соңғы мәліметтер болжамдарға сай келгендіктен, Федералдық резерв жүйесі келесі аптадағы отырысында пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруы ықтимал.
Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Моджтаба Хаменеи Ормуз бұғазын жабу шешімін қайтаруға ниетті емес екенін аңғартты. Таяу Шығыстағы соғыстың 13-күніне қарамастан, жағдайдың бәсеңдеуіне қатысты айтарлықтай белгілер байқалмай отыр. Бейсенбі күні Израиль Иранға қарсы ірі ауқымды жаңа соққылар толқынын бастады, ал Ислам Республикасы Дубайға және мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдарын күшейтті. АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт CNBC арнасына берген сұхбатында АҚШ Әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы танкерлерді наурыз айының соңына қарай ғана алып жүре бастауы мүмкін екенін айтты.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауынша, Иранмен соғыс әлемдік мұнай ұсынысының 7,5 пайызына әсер етіп отыр. Goldman Sachs Group Inc. сарапшылары Ормуз бұғазы арқылы жеткізілім наурызға дейін төмен деңгейде қалса, мұнай бағасы 2008 жылғы ең жоғары көрсеткіштен (147,5 доллар) асып кетуі мүмкін деп санайды.
Бұғаздағы тасымал қолжетімділігіне қатысты қиындықтар сақталған жағдайда мұнай бағасы жоғары болып қала береді. Бұл қақтығыстың әлемдік экономикаға әсер ету қаупін арттырады, – деп мәлімдеді Bespoke Investment Group стратегтері.
UBS Global Wealth Management сарапшысы Ульрике Хоффманн-Бурхарди жоғары құбылма ылық кезеңінде нарықтан толық кету ұзақ мерзімде ең дұрыс стратегия болмауы мүмкін екенін атап өтті.