«Мулан» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы қалың көрерменге жол тартты

18 Желтоқсан 2020, 20:03
5519
Бөлісу:
«Мулан» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы қалың көрерменге жол тартты
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Болашақ» корпоративтік қоры Disney студиясы түсірген «Мулан» фильмін  қазақша сөйлетті. 

Аталған қор Disney студиясының осымен 35-ші фильмін қазақ тіліне дубляждаған. Оған қоса бұл фильмге қазақ актерлері мен «Nomad Stunts» каскадерлер тобы қатысқан, ал басты рөлдерді Айгүл Иманбаева, Жәнел Мақажан сияқты актрисалар дыбыстаған.

Фильмнің таныстырылымы барысында киноға түскен қазақ каскадерлері түсірілім кезіндегі қызықты сәттерімен бөлісті.

Disney студиясы түсірген «Мулан» фильмі әлемдік прокат үшін түсірілгендіктен ондағы түсірілім жұмыстарына да ерекше жағдай жасалған. Түсірілім жұмыстары Жаңа Зеландияданың Окленд қаласында болды. Бір қызығы бізде жаз мезгілі болғанда, оларда қыс еді. Жылқыларды ол жаққа жеткізу қиын болғандықтан сол жақтағы жылқыны үйрету қажет болды. Біздің топта 11 адам болды және жылқыға қатысты түсірілімнің бәріне қатыстық. Сонымен қатар ол жерде «Тақтар ойыны», «Мойсей», «Неудержимые» фильміне қатысқан актерлер тобы да жұмыс істеді. Түсірілімі 3-4 қалада жүргізіліп, 5-6 айға созылды. Біз жағымсыз кейіпкерлермен қоса оларға қарсы тұратын батыл жандардың да ролін ойнадық. Бір кадрдан екі жақта жүргенімізді көруге болады,-дейді актер әрі каскадер Жандос Айбасов. 

жанел1.jpeg

«Nomad Stunts» каскадерлері тобының тағы бір мүшесі Есболат Әбдіберік ол жақта жылқылармен жұмыс қиындау екенін айтады.

Біз жылқыны бүйірден теуіп кеп қалып, шу деп шаба жөнелгенге үйренген халықпыз ғой. Ал, жаңазеландықтар табиғат пен жануарларға басқаша қарайды екен. Түсірілім барысында жануарларға қарап, оны қорғайтын адам болды. Егер жылқыны бүйірден теуіп, немесе оған үй деп ұрсатын болсаң бірден ескерту жасайды, тіптен түсірілім алаңынан кететініңді айтады. Ал, қамшымен ұрсаң бірнеше жылға сотталып кетесің. Жылқыны жүргізу үшін тек екі бүйірінен аяқпен қысасың, болды ары қарай ол өзі шаба жөнеледі. Дегенмен жылқыларды өз ырқымызға үйрете білдік,-дейді каскадер.

«Болашақ» корпоративтік қоры Қамқоршылар кеңесі төрайымы Динара Шайжүнісова аталған қор 2011 жылдан бастап Disney, Sony Pictures, Marvel, Lucas Films, Bazelevs және тағы басқа студиялардың фильмін қазақ тілінде  дубляждап келе жатқанын айттады. 

Біз коммерциялық мақсатты көздемейміз, тек әлемдік деңгейдегі фильмдерді қазақ тіліне сапалы етіп дубляждауды қалаймыз. Кинотеатрға келген қазақ балаларының фильмді өз ана тілінде көруге құқығы бар. Осымен біз 35-ші фильмді қазақ тілінде сөйлетіп отырмыз. Негізінен отбасылық фильмдерді таңдап аламыз, өйткені балалар өздерінің сүйікті фильмдерін 10, тіпті жиырма рет қайталап көреді,-дейді ол.

Сонымен қатар ол кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдерді неге ыңғайсыз уақытқа қояды деген сауалымызға жауап берді.

Бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Осыған байланысты мен Мәжілісте талқыланған кино туралы заңнаманы жасауға қатысқан едім. Ол жерде қазақ тіліндегі фильмдерге немқұрайлы қарайтын кинотеатрларға салықты көтеру мәселесін қозғаған едік. Ол жұмыс әлі де жалғасын табуда. Қазақ тіліндегі киноға келушілер саны жыл өткен сайын ұлғайып жатқанын білеміз. Дегенмен кинотеатр өкілдері керсінше адам аз деген уәж айтып, оны ыңғайсыз уақытқа қояды. Бұл тек үкіметтің қатысуымен ғана шешілетін мәселе,-дейді  Динара Шайжүнісова.

Фильмде Nomad Stunts каскадерлер тобы актёр Джейсон Скотт Ли кейіпкерінің таңдаулы әскери жасағын, ал топ жетекшісі әрі трюк қоюшы Жайдарбек Күнғожинов таңдаулы рөлдердің бірін сомдаған. Айта кетсек, жақында ғана Жайдарбек Күнғожинов «Томирис» тарихи драмасында трюктерді қою жұмысы үшін  каскадерлік «Оскар», Әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығын иеленді. 

«Мулан» фильмін үйден шықпай-ақ ivi және Megogo онлайн-кинотеатрларында көруге болады.



Өзгелердің жаңалығы