Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепте іс-шараларды тек мұғалімдер өткізе алатынын айтты.
ҚР Парламент Мәжілісінің кулуарында журналист министрден "Мұхамеджан Тазабек мектепте дәріс өткізді ме?" деген сұрақ қойды.
"Мектепте іс-шараларды тек мұғалімдер өткізе алады. Мұхамеджан Тазабек іс-шара өткізді деу дұрыс емес. Мұндай шара өткен жоқ. Кімнің не жоспарлағанын дәл қазір айта алмаймын. Мектепте мұндай шара өтсе жауап беретін едім. Бірақ болмады, сондықтан оны талқылаудың мәні жоқ", - деп жауап берді Аймағамбетов.Оның сөзінше мектеп қабырғасында сырттан келген адам дәріс секілді қандай да бір іс-шараны өткізе алмайды.
"Ол өткізе алмайды. Діни немесе басқа да мәселелерді меңзеп тұрсаңыз, білім беру ұйымдарына кез келген адам келіп өзінің діни көзқарасы туралы айта алмайды", - деді білім және ғылым министрі.Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мұхамеджан Тазабектің көшеге шығып жүрген әйелдерге қатысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде тарап кеткенін хабарлаған болатынбыз. Тазабек әлеуметтік желіде кеңінен тараған өзінің видеосына қатысты пікір білдірген болатын.