Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай елордамыздағы жалпы орта білім беретін мектептердің үздік «Жас сарбаздарының» қатысуымен «Мұқағали Мақатаевқа арнау» атты іс-шара өтті.
«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбектің айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған ақынның 90 жылдық мерейтойы әр шаңырақта тойлануы керек.
Мұқағали Мақатаев 14-15 жасынан бастап жанына қаламды серік еткенін білеміз. Ақынның еңбектерінде махаббат пен достық, тәлім-тәрбие, Отанға деген сүйіспеншілік насихатталады. Бұл жастардың патриот болып өсуіне зор үлесін қосады, - деді ол.
Ол атап өткендей, іс-шараға 18 жасқа дейінгі балалар қатысты.
Жасөспірімдер мен балалардың рухани және классикалық поэзия саласындағы ой-өрісін дамыту мақсатында осы шара ұйымдастырылып отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы оқушылардан Мұқағали ақынға арналған өлең жолдары бар 200-ге жуық видео келді. Оның ішінде 50-ін іріктеп, әлеуметтік желімізге салдық, - деді Асхат Налышбек.
Ақиық ақынға өлең жолдарын арнағандардың ішінде қалалық №53 мектептің 7-сынып оқушысы Ай Әсия да бар.
Мен кішкентай кезімнен өлең шығаратынмын. Мұқағали атамыздың 90 жылдығына орай арнау жазуды жөн көрдім. Өлеңді шығаруға 3 сағат уақыт кетті. Өлеңім 4 шумақтан тұрады. Ал ақынның өлеңдерінің ішінен ана туралы жазған туындысы ұнайды, - дейді оқушы.
Іс-шара барысында барлық «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері Мұқағали Мақатаевқа арнап шығарған шығармаларымен таныстырды.
Үздік шыққан өлеңдердің иесі марапатталды.