Мұхтар Тілеуберді бірқатар елдің СІМ басшыларымен сөйлесті

12 Қаңтар 2022, 23:06
1462
Бөлісу:
Мұхтар Тілеуберді бірқатар елдің СІМ басшыларымен сөйлесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Хоссейн Абдоллахианмен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгіме барысында Иран министрі Иран басшылығы мен халқының атынан Қазақстандағы тәртіпсіздіктер барысында қаза тапқандарға көңіл айтты. Сондай-ақ, ол қазақстандық биліктің күрделі жағдайды қалпына келтіру және тұрақтандыру үшін қабылдаған шараларына қолдау білдірді.

ҚР СІМ басшысы ирандық әріптесіне қолдау үшін алғыс білдірді. Қазақстан басшылығы тарапынан халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және күнделікті өміріне арналған қажетті іс-әрекеттер қабылданып жатқанын жеткізді.

Сұхбат соңында әңгімелесушілер екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне қолдау көрсету қажеттілігін атап өтті.

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрі  Швейцар тарапының бастамасымен Швейцария Конфедерациясының Сыртқы істер федералдық департаменті басшысының міндетін атқарушы Ливия Лёй Агостимен телефон арқылы сөйлесті.

Сұхбат барысында швейцариялық дипломаты Қазақстанда болған тәртіпсіздіктер барысында қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шынайы көңіл айтты. Сондай-ақ, ол Швейцария тарапының елдегі жағдайдың тез тұрақтанатынына сенімін атап өтті.

М.Тілеуберді Қазақстан басшылығының халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қалыпты өмірді қалпына келтіру бағытында жүргізіліп отырған шаралар туралы хабардар етті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін де талқылады.

Өзгелердің жаңалығы