2023 жылы әлемдік мұхиттарда тіркелген рекордтық жылыну – климаттың күрт өзгерісінің бастамасы болуы мүмкін. Бұл туралы Қытайдың ғылыми тобы жариялаған зерттеу нәтижелерін Science журналы келтіріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зерттеуге сәйкес, теңіз толқындарының жылу ұзақтығы төрт есеге артқан. Мұхиттың 96%-ын қамтыған температуралық толқындар Солтүстік Атлантикада 525 күнге дейін созылған, ал Тынық мұхитының шығыс бөлігінде температура 1,63°C-қа көтерілген.
Ғалымдар бұл жағдайды келесі факторлармен байланыстырады:
- бұлттылықтың азаюы,
- жел белсенділігінің әлсіреуі,
- мұхит ағыстарының бағыты өзгеруі.
Зерттеушілер мұхиттардағы жылу балансының бұзылуы жаһандық климатқа тікелей әсер етуі мүмкін дейді. Ең басты қауіп – теңіз экожүйесінің күйреуі мен маржан рифтерінің жаппай жойылуы. Бұл, өз кезегінде, балық шаруашылығына, теңіз өнімдеріне және адамзаттың азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Бір қызығы, 2023 жылы байқалған бұл өзгерістер "уақытша құбылыс емес, ұзақмерзімді климаттық трендтің бастамасы болуы ықтимал" деп болжанады.