Мүгедектікті сырттай белгілеу механизмі қалай іске асады?

27 Сәуір 2022, 16:40
2292
Бөлісу:
Мүгедектікті сырттай белгілеу механизмі қалай іске асады?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Алматы қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Құсманова ОКҚ алаңында өткен брифингте мүгедектікті сырттай анықтау қалай іске асатынын айтып берді.

2021 жылдың ақпан айында өткен V ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
Мемлекет басшысының ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында берілген азаматтарға бір медициналық мекемеде оларға қажетті қызметтерді көрсетудің пилоттық жобасын іске асыру қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау үшін «мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу, қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау «мемлекеттік қызметті проактивті сырттай көрсетудің пилоттық жобасын іске асыру туралы» бірлескен бұйрық қабылданды.

Г.Құсманованың айтуынаша, пилоттық жобаның негізгі мақсаты - азаматтардың әртүрлі инстанциялар бойынша жүруін, қағазбастылықты және көрсетілетін қызметті берушілер  мен  алушы арасында байланысын болдырмай, мүгедектікті белгілеу рәсімін оңайлату.

Осы тапсырманы іске асыру аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, 2021 жылдың қараша айынан бастап пилоттық режимде 12 ауру бойынша Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба іске қосылған.

Былтыр 1 желтоқсаннан бастап мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматын енгізу жөніндегі пилоттық жоба еліміздің барлық өңірлерінде іске қосылды. Алматы қаласында пилоттық жоба енгізілгеннен бастап 7 медициналық ұйым қосылды, бүгінгі таңда бұл жобаға барлық 39 мемлекеттік медициналық ұйым мен 31 жеке медициналық орталық кірді. Жобаның арқасында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға енді медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерге барудың қажеті жоқ. Мүгедектік тобын беру туралы шешімді елдің үш түрлі өңірінің МӘС сарапшылары қабылдайды,-деді Құсманова.

Мүгедектік тобын анықтау бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексерулерден өтуі қажет, ал қалған процестер оның қатысуынсыз ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау есебінен өтеді.

Осы жылдың басынан бері Алматы қаласында 2515 адам мүгедектікті сырттай белгілеу бойынша осы қызметті алған, бұл 40%-дан асады.

Құсманова алдағы уақытта сырттай куәландыруға қатысатын аурулар тізбесін кеңейту жоспарланып отырғанын айтты, демек көрсетілетін қызметті алушылар санының көпшілігі үшін мүгедектікті белгілеу рәсімі жеңілдетіледі.

Өзгелердің жаңалығы