Елімізде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар ай сайын мемлекеттен төлем алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-ана үшін ерте зейнетке шығуға және зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аударуға қатысты депутат Таңсәуле Серіков Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдаған болатын.
Премьер-министр депутаттарға ресми жауабын берді.
Қазіргі таңда елімізде отандық зейнетақы жүйесі қалыптасқан және зейнетке шығу жасы қолданыстағы заңнамамен реттелген.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды ерте зейнетке шығарған жағдайда олардың зейнетақысы өте төмен болады. Себебі жеткілікті зейнетақы алу үшін азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге тұрақты қатысуы қажет. Жинақтаушы жүйеге қатысу мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді, - делінген Бектеновтің ресми жауабында.
2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс қабылданды. Оған сәйкес мүгедектігі бар балаларды (18 жасқа толғаннан кейін) тәрбиелеп отырған ата-аналар жеке көмекші ретінде жұмысқа қабылданады. Жеке көмекшілерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан жалақы 128 716 мың теңге көлемінде төленеді, сондай-ақ тиісті жарналар, соның ішінде міндетті зейнетақы жарнасы аударылады.
Осылайша, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың зейнеткерлік жасқа жеткен кезде қажетті еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарының сомасы жинақталады. Бұл, өз кезегінде, оларға зейнетақы тағайындау кезінде негізге алынып, тиісті деңгейде зейнетақы алуға мүмкіндік береді.
Ал мүгедектігі бар баласы 18 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне ай сайын мемлекеттік жәрдемақы (74 428 теңге) төленеді және оған қоса баланың мүгедектігі үшін жәрдемақы төленеді.