Қоғамда мұғалімдердің әлеуметтік қорғаны мен құқықтарын қорғау үшін құрылған кәсіподақ ұйымдарының тиімділігіне қатысты сын күшейіп келеді. Шымкент қаласындағы белсенді азамат Жарқынбек Сейтінбет бұл жүйенің формалдылыққа айналып, бастапқы мақсаты мен міндетінен ауытқығанын алға тартады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол бірнеше жылдан бері білім саласындағы жемқорлық пен заңсыздықтарға қарсы күресіп, кәсіподақтардың үнсіз қалуын ашық сынға алып келеді. Бұл мәселе қоғамның, тіпті депутаттардың да назарына ілігіп отыр. Енді “Мектептерге кәсіподақ ұйымы әлі де қажет пе, әлде оны реформалап, тарататын уақыт жетті ме?” деген сауал туындап отыр.
Бетперденің ар жағындағы былықтар
Жарқынбек Сейтінбет – Шымкент қаласындағы білім саласындағы мәселелерге 1990-жылдардан бері белсене араласып келе жатқан қоғам белсендісі.
Ол әлеуметтік желіде кәсіподақтар ұйымына қатысты пікірін білдірді.
Шымкент педагогтер кәсіподағы майшелпек пе? – деп сұрады.
Бұрын мектептерде мұғалімдердің құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымдары болған. Алайда кейінгі жылдары кәсіподақтар өз рөлін толық атқармай, формалды құрылымға айналды. Тіпті кейбіреулер кәсіподақты жеке кәсіпке айналдырып, пайда көру құралына айналдырған.
Жарқынбек Сейтінбет 1990-жылдардан бері Шымкент қаласындағы білім саласындағы келеңсіздіктерге белсене араласып, мұғалімдердің құқығын қорғаумен айналысып келеді. Ол парақорлық, ақша жинау, мұғалімдерді қудалау, білім сапасының төмендеуі секілді жүйелі мәселелерге назар аударып, журналистік зерттеу жүргізіп, ондаған директор мен шенеунікке қатысты материалдар жазған.
Ол мынадай нақты мысалдар келтірді:
- Бірнеше мектепте мұғалімдерден ақша жинау, заңсыз қысым жасау фактілері тіркелген.
- Жемқорлыққа қарсы қоғамдық штаб құрып, көптеген білім мекемелеріндегі заңбұзушылықтарды әшкерелеген.
- Бірнеше жағдай бойынша директорлардың қызметтен кетуіне себепкер болған.
- Өзінің осы қызметі үшін қудалауға ұшырап, тіпті өміріне қауіп төнген кездер де болған (2013 жылы басынан темірмен ұру оқиғасы).
Кәсіподақтарға қатысты негізгі сын:
- Мұғалімдерге нақты көмек көрсетпейді.
- Жағдай ушыққанда да үнсіз қалады.
- Директорлардың ықпалында кетіп, ұжым мүшелерін қорғай алмай отыр.
- Мұғалімдердің жалақысынан жарна алып отырғанымен, нақты қызметі сезілмейді.
Жарқынбек Сейтінбеттің айтуынша, қазіргі жағдайда кәсіподақтардың мұғалімді қорғайтын, құқықтарын қорғайтын ұйым ретіндегі беделі жоқ. Мұғалімдер бүгінде өз құқықтарын кәсіподақсыз да қорғай алады. Сондықтан «майшелпекке» айналған кәсіподақ жүйесін реформалау немесе толық тарату қажет деген пікір білдіреді.
Депутат не дейді? Аймағамбетовтің ұстанымы
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің де осы мәселеге қатысты ойын білдік.
Тек мұғалімдердің кәсіподағына ғана емес, жалпы кәсіподақтардың жұмысына қатысты сұрақ көп. Тіпті кейбір кәсіподақтар мүшелерінің өздерінің реніші, өкпесі қара қазандай. Оны біз жақсы білеміз. Сондықтан бұл мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу керек те шығар. Оған қатысты біздің жақсы ойларымыз бар. Бірақ бұл кәсіподақ пен оның мүшесі арасындағы жеке қарым-қатынас. Мен министрлікте (Білім министрлігі – ред.) істегенде де әріптестеріме, азаматтарға “Егер сіздерге бұл кәсіподақтың құрамында болу ұнамаса, онда тиісті өтініш жазып шығыңыздар. Не болмаса бөлек кәсіподақ құрыңыздар. Ешқандай проблема жоқ” дейтінмін, - дейді депутат.
Аймағамбетов кәсіподақ ұнамаса шығуға кеңес берді.
Егер кәсіподақтан шықты деп, мектеп басшылығы, білім бөлімі, білім басқармасы басшылығы заңсыз шешімдер қабылдайтын болса, онда прокуратура, сот және басқа да органдар бар. Олар сіздерді қорғайды деп сенемін. Өйткені мұндай әрекет заңсыз болады. Сондықтан менің ойымша, бұл мәселе бойынша азаматтардың өздері жауапкершілік алуы керек, - деді ол.
Мәжіліс депутаты кәсіподақ ұнамаса одан шығуға да, ал ұнаса оның жұмысына белсенді қатысуға да болатынын қоса кетті. Тіпті өзгеріс енгізуге болатынын да айтты. Аймағамбетовтің сөзінше, мұның барлығы заң шеңберінде шешілуі керек.
Министрлік не дейді?
Оқу-ағарту министрлігі кәсіподақтар қызметі жайлы ресми сауалымызға өз жауабын берді.
Кәсіподақ – бұл мұғалімдер сияқты жұмысшылардың еңбек құқығы мен әлеуметтік мүдделерін қорғау үшін ерікті түрде құрылатын ұйым. Яғни, кәсіподақтар адамдардың ортақ мәселелерін көтеріп, жұмыс орнында әділеттілікті қамтамасыз ету үшін құрылады.
Кез келген адам кәсіподаққа өз еркімен кіреді немесе шыға алады. Оған ешкім мәжбүрлей алмайды – бұл заңмен қатаң қорғалған. Кәсіподақтардың басты мақсаты – мүшелерінің құқығын қорғау, әлеуметтік мәселелерін көтеру және жұмыс жағдайларын жақсарту.
Кәсіподақтың жұмысын кім қадағалайды?
Кәсіподақ – бұл өз алдына бөлек, тәуелсіз ұйым. Оның жұмысын үкімет немесе министрлік басқармайды. Олар өздерінің жарғысын (ішкі ережесін) өздері жасайды, жетекшілерін сайлайды, бағыттарын белгілейді, жиналыстар мен іс-шаралар өткізеді. Барлығы заң аясында жүргізілуі тиіс.
Кәсіподақ мектепке қажет пе? Оны жабу мүмкін бе?
Мұндай ұйымды құру немесе жабу – мүшелерінің өз еркінде. Егер кәсіподақ өз міндетін дұрыс атқармаса немесе заңды бұзса, сот шешімімен ғана жабылуы мүмкін. Бірақ министрлік өзі бұл ұйымды тарата алмайды, оған құқығы жоқ.
Қысқасы, кәсіподақ – мұғалімдерді қорғау үшін құрылған ерікті ұйым. Қаласаңыз – кіресіз, қаламасаңыз – шықсаңыз болады. Ал оның қызметіне көңіліңіз толмаса, оны жақсартуға тырысуға да, жаңа ұйым құруға да жол ашық.