Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мұғалімді балағаттап, жұмысқа жеккендер қалай жазаланады?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
26 Тамыз 2025, 18:00
1532
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Педагогтердің құқығын қорғау Еңбек кодексі, “Педагог мәртебесі туралы” және “Білім туралы” заңдармен, сондай-ақ өзге де нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаменті директоры Гүлден Ақытаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңнама педагогтерге бірқатар кепілдік пен қорғаныс шарасын береді. Гүлден Ақытаеваның айтуынша, мұғалімдердің құқықтарын қорғау – білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен дамуының негізі.

Мұғалім құқығы қалай қорғалады:

  • Еңбек құқығын сақтау (жұмыс уақыты, жалақы, демалыс);
  • Әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді қамтамасыз ету;
  • Заңсыз әкімшілік қысымнан қорғау;
  • Кәсіподақтар мен уәкілетті органдар арқылы құқықтық қолдау;
  • Мұғалімге құрметсіздік таныту, жала жабу және қысым көрсету фактілеріне жол бермеу.

“Педагог мәртебесі туралы” заңның 6-бабында педагогтерге кәсіби қызметін атқару кезінде заңсыз талаптардан қорғаныс кепілдік ретінде берілген. Атап айтқанда, педагогтер:

  • Кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартылмауы тиіс;
  • Білім заңнамасында көзделмеген есептер мен ақпараттарды талап етуге болмайды;
  • Заңсыз тексерістерге ұшырамауы керек;
  • Тауар немесе қызметтерді сатып алуға міндеттелмеуі тиіс.

Сондай-ақ мемлекеттік мектептердегі мұғалімдерді жеке ұйымдардың іс-шараларына қатысуға мәжбүрлеу заңмен тыйым салынған.

Педагог ешқашан қысымның, қорлаудың немесе қызметіне заңсыз араласудың нысаны болмауы тиіс. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан мұндай әрекеттер заң бұзушылық болып саналады, – деді Гүлден Ақытаева.

Жауапкершілік пен заң

Әкімшілік кодекстің 86-90 және 409-баптарына сәйкес, педагогтің құқығын бұзғаны үшін 200 АЕК-ке(786 400 теңге) дейін айыппұл салу немесе өзге де шаралар көзделген. Ал ӘҚБтК-нің 409-бабының 7-6-тармағына сай, әлеуметтік желілер арқылы мұғалімді қорлау, жала жабу немесе әдепсіз мінез көрсету үшін 40 АЕК-ке (157 280 теңге) дейін айыппұл немесе 5 тәулікке дейін қамауға алужазасы бар. Жалған ақпарат тарату, қорқыту немесе жала жабу деректері қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Педагогтің міндетіне не кіреді

Бұдан бөлек, заң педагогке тек құқық емес, нақты міндеттер де жүктейді. Олардың қатарына:

  • Сапалы білім беру және тәрбие;
  • Педагогикалық әдепті сақтау;
  • Кәсіби даму;
  • Оқу процесінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұл міндеттерді орындамау тәртіптік, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Министрлік білім беру процесінің барлық қатысушысын  – мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар мен мемлекеттік органдарды заңмен белгіленген құқықтар мен міндеттерді қатаң сақтауға шақырды.

Педагогтің құқықтық қорғалуы – бұл бүкіл білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен дамуының кепілі, – деп қорытындылады Гүлден Ақытаева.

Өзгелердің жаңалығы