Қазақстан мектептерінде мұғалімдерге гүл шоқтарын немесе басқа да сыйлықтар тарту етуге болмайды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, министрлік бұл мәселеге қатысты жергілікті атқарушы органдарға арнайы хат жолдаған.
Біз бұл талаптарды нақты белгіледік. Мектеп аумағында мұғалімдерге гүл сыйлауға немесе қандай да бір сыйлық сатып алуға жол берілмейді. Осыған байланысты тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді бірінші вице-министр ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Шынар Ақпарова бұл талаптың бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына да қатысты екенін атап өтті.
Бірінші сыныпқа барған балалардың ата-аналарына да мұғалімдерге сыйлық немесе гүл беру қажеттілігі жоқ. Біз бұл тәжірибеден бас тартуымыз керек, – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, жаңа оқу жылының басталуына арналған іс-шаралар бұрынғыдай салтанатты сыйлықтармен емес, дәстүрлі форматта ұйымдастырылады.
Барлық білім беру ұйымдарында дәстүрлі сынып сағаттары өткізілуі тиіс. Негізгі назар оқушылардың жаңа оқу жылына дайындалуына және тәрбиелік жұмыстарға аударылуы қажет, – деді Шынар Ақпарова.