Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мұғалімдердің жартысынан көбі тесттен өте алмаған: Бес өңірде көрсеткіш нашар

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова облыстардың білім басқармалары басшыларымен аппарат отырысын өткізді. Онда министр мұғалімдердің білім сапасы жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиында аймақтардағы білім сапасының көрсеткіштері сарапталып, өңірлер арасындағы алшақтыққа ерекше назар аударылды. Министр кейбір облыстардың артта қалуына қатысты сыни пікір білдіріп, формалды есеп пен «жобалар санын көбейту» тәжірибесін тоқтатуды талап етті.

Өкінішке қарай, білім сапасын оқушының терең білімімен емес, атқарылған жобалардың санымен өлшейтін менеджерлер әлі де бар. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі қажет, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

490 мектепте директор жетіспейді

Министр мектептегі сапаға тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі – басқарушы кадрлардың тапшылығы екенін атап өтті. Қазіргі таңда ел бойынша 490 мектеп директорының орны бос тұр. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында басшы кадрлар жетіспейді.

2025 жылы директорлыққа үміткерлердің небәрі 21%-ы ғана тестілеуден өткен. Осыған байланысты директор тапшы өңірлерге басқа аймақтардан білікті мамандар тарту мүмкіндігі қарастырылмақ.

Мұғалімдердің 52,6%-ы шекті деңгейден өтпеген

Нақты ғылымдар бойынша педагог тапшылығы да өзекті мәселеге айналған. Педагогтердің кәсіби бағалау нәтижесінде мұғалімдердің 52,62%-ы шекті деңгейден өте алмаған. Төмен көрсеткіштер Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында тіркелген.

Сондай-ақ өңірлердегі әдістемелік қызмет сапасының біркелкі еместігі және мектеп ішіндегі корпоративті мәдениеттің әлсіреуі де алаңдаушылық туғызуда. Кейбір мектептерде мұғалімдердің орталық органдарға шағымдану жағдайлары жиілеген.

Білім беру саласындағы тағы бір мәселе – өңірлік ақпараттық платформалардың әркелкілігі мен деректердің шашыраңқылығы. Министрлік бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдауда. Барлық өңірлік платформалар кезең-кезеңімен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Esep.kz жүйесіне интеграцияланады. Бұл деректердің ашықтығын арттырып, артық есептілікті азайтуға мүмкіндік береді.

Инклюзия – көрсеткіш емес, нақты қолдау

Министр инклюзивті білім беру мәселесіне де тоқталып, бұл бағытта формалды көрсеткішке емес, нақты нәтижеге басымдық берілуі тиіс екенін айтты.

Инклюзия – жай ғана кабинет ашу емес, ерекше қажеттілігі бар баланың қоғамға бейімделуіне жасалған шынайы қолдау болуы керек, – деді ведомство басшысы.

Өзгелердің жаңалығы