Қазақстанда мұғалімдерді аттестаттау кезінде педагогтердің білімін тексеруге арналған ПББ тестін алып тастау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, тест барлық білім беру ұйымдарындағы мұғалімдерді аттестаттау жүйесінен алынып тасталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен тестті алып тастау туралы шешім қабылдадық. Қазір пилот жүзеге асып жатыр. Қыркүйектен бастап пилот басталады. Пилот өзінің тиімділігін дәлелдейтін болса, онда барлық білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің аттестациясынан ПББ тесті алынып тасталады, – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мұғалімдерді аттестаттау жүйесіне басқа да бірқатар жеңілдік енгізіліп жатыр.
Қазіргі таңда мұғалімдердің тек қана сабақ беруін, сол сабақты бағалауы ғана енгізіліп жатыр, – деді ол.
Министрдің сөзінше, аттестаттау кезеңінде мұғалім бес жыл ішінде төрт ашық сабақ өткізуі қажет болады.
Ал зерттеуші және жоғары санатты мұғалімдер жас мамандарға тәлімгерлік етсе, бұл жұмысы үшін қосымша балл беріледі.
Сонымен қатар ерекше назарды қажет ететін балалармен жұмыс істейтін педагогтер үшін арнайы курс ұйымдастырылмақ. Мұндай оқушылармен жұмыс та мұғалімнің аттестаттау кезінде жинайтын балына есептеледі.
Мысалы, аттестаттау кезеңінде бес жылдың ішінде мұғалім төрт ашық сабақ беруі қажет. Зерттеуші секілді жоғары санатты мұғалім болса, онда ол мұғалім жас мамандарға тәлімгерлік жасайды. Оған да кәдімгідей балл қосылады. Одан бөлек, деструктивті балаларымызға қатысты арнайы курс ұйымдастырып жатырмыз. Сол балалармен жұмысқа да арнайы балл қосылады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр аттестаттаудың негізгі мақсаты мұғалімнің қағазбастылығын көбейту емес, оның мектептегі сабақ беру жұмысының тиімділігін бағалау екенін тағы да нақтылады.
Айта кетейік, бұған дейін Президент «Өрлеу» орталығының жұмысы мардымсыз екенін айтып, мұғалімдерді аттестаттау талаптарын қайта қарауды тапсырды.