Мұғалімдер 56 күн демалысқа шыққанда МӘМС-ке қатысты мәселе болмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің еңбек демалысына қатысты мәселені көтерді.
Еңбек демалысында жүрген 650 мыңнан астам мұғаліміміздің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі өздеріңізге белгілі. МӘМС-тің аясында жарналар ай сайын аударылып отырады. Бірақ біздің ұстаздарымыздың еңбек демалысы 56 күн, яғни 2 айдан асады. Бұл ретте аударымдар бір төлеммен жүргізіледі. Демек мұғалімдеріміз жазда бір айда сақтандырусыз қалған кездері көп болды. Бұл үлкен проблема болды. Биыл мұғалімдер сақтандырусыз қалмай ма? Медициналық тексерілуге қатысты мәселе қалай шешіледі? – деп сұрады депутат.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та былтыр мұғалімдерде МӘМС-ке проблема болғанын еске салып, осы сұрақтың жауабын мұғалімдер күтіп отырғанын айтты.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан бұл мәселе биыл қайталанбайтынын жеткізді.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова осы мәселеге қатысты облыс әкімдерімен жиналыс өткізгенін атап өтті.
Енді әрбір бухгалтер бір төлеммен еңбекақысын төлейді. Оның астына үш тізім беріп, үш айлық аударымды жазып жібереді. Бұл мәселе толық шешілді. Ендігі негізгі мәселе – әр мектептің есепшісі оны уақытында жасап шығаруы. Оған қатысты қазір Оқу-ағарту министрлігі тапсырма берді, - деп жауап берді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьердің айтуынша, қазір бұл мәселе бақылауда тұр. Ол есепші қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Облыс әкімдерінің орынбасарлары мен жергілікті білім басқармаларына тапсырма берілді. Әр апта сайын қанша мұғалім еңбек демалысына кеткенін, қанша аударым түскен-түспегенін өзіміз қадағалап отырмыз, - деп қосты Дүйсенова.