Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай атақ пен марапатты заңсыз тарату мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары атаққұмарлық қоғамда дертке айналып барады. Оның сөзінше, марапат пен атақ базарда сатылатын сувенирге ұқсап қалған.
Атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль мен ордендерді оңды-солды үлестіріп жүр. Бұған тоқтам бар ма? – деп сауал тастады ол.
Мақсат Толықбай бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, арнайы заң мен нормалар қабылданғанын еске салды. Алайда соған қарамастан, заңсыз марапат тарату үрдісі керісінше күшейіп бара жатқанын айтты.
Депутат келтірген деректерге сүйенсек, «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі және «Ұлт ұстазы» сияқты атақтар ашық немесе жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сатылуы мүмкін. Кейбір ұйымдар зәулім ғимараттарды жалға алып, кәсіпкерлер мен мұғалімдерді қызыл кілеммен қарсы алып, салтанатты түрде марапаттайды.
Өздері мәз. Бірақ шын мәнінде қандай атақ алып жатқанын өздері де білмейді. Әлеуметтік желіге жарыса салып, біраз уақыт тойлап алады. Мәселе марапат алғанында емес, оның қандай жолмен және қандай негізде беріліп жатқанында, – деді депутат.
Ол бүгінде «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы» секілді жаңа атақтардың пайда болғанын да атап өтті. Депутаттың айтуынша, белгілі бір соманы төлеген адам медаль, орден, куәлік және салтанатты марапаттау рәсімін қамтитын дайын «шоу-пакетке» бірден ие бола алады.
Мақсат Толықбай көптеген дамыған елдерде мемлекеттік марапаттар заңмен қатаң қорғалатынын, олардың берілу критерийлері нақты белгіленіп, рәсімдер ашық жүргізілетінін айтты. Бұл жүйе марапаттың беделін сақтауға және заңсыз саудаға жол бермеуге мүмкіндік береді. Ал Қазақстанда кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алатынын сынға алды.
Депутат ең қауіптісі бұл «марапат бизнесінің» мектептерге енуі екенін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде мұғалімдердің кәсіби деңгейі білім сапасымен емес, алған алғыс хаттары мен медальдарының санымен өлшенетін жағдайға жеткен.
Мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады. Бұл — білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс, – деді ол.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, 2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ету, мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуына жүйелі бақылау орнату қажет екенін айтты. Сонымен қатар қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және құқықтық шараларды күшейтуді, мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізуді ұсынды.
Сауалын қорытындылай келе, Мақсат Толықбай атақ пен марапаттың арзандауы заңның әлсіздігінен емес, оның орындалмауынан екенін айтты.
Салмағы жоқ, сатылып жатқан атақ-марапаттарды тоқтатудың бір ғана жолы бар: сатқызбау, сатып алмау және жол бергендерді заң нормаларына сәйкес жауапқа тарту. Мұны бүгін қолға алмасақ – ертең кеш болады, – деп түйіндеді депутат.